24.02.2021, 15:52
Оқылды: 65

Шоңайлық Шәкір: ерлігі – ұран, өмірі – өнеге

Ел қашанда ерен ерлігімен, елеулі еңбегімен атағы шыққан ұл-қыздарымен еңселі. Мақтаулы тұлғалар қатарында жерлес генерал-майор Шәкір Жексенбаев атамыздың орны бөлек. Биыл атақты атамыздың туғанына 120 жыл толып отыр. Мерейтой қарсаңында генерал-майордың өмір жолын тағы бір мәрте жадымыздан жаңғыртқанның артықтығы болмас.

 шәк

Шәкір Жексенбаев – Шоңай елді мекенінің тумасы. Салт бойынша Айталы әкесінің емес, атасы Жексенбайдың тәрбиесінде өсті. Бала Шәкір ерте бастан-ақ ел басындағы ауыртпалдықты анық сезініп өсті. Белі қатпай жатып, еңбекке араласты. Басқұншақ тұз өндірісі саласында өндірілген тұзды теміржолға дейін өгіз арбамен тасу жұмыстарын атқарған. Міне, осындай қиын тұрмыспен шыңдалып өскен Шәкір өз зеректігімен де ерекшеленген. Ол да басқа балалар секілді білім алып, ұстаз болуды арман еткен. Алғаш өзінің туған ауылы Шоңайда 1908 жылы Ғимран Мамаев ашқан бірсыныптық училищеде төрт жыл білім алады. Бұл туралы «Ұстазымыз өте білімді, барлық оқушыға бірдей қарайтын. Бізге білім мен ғылымды сүюге, тарихымыз бен мәдениетімізді білуге тәрбиеледі. Сол ұстазымыздың жалықпай үйретуінің арқасында біз орыс тілін жетік меңгердік, бұл біздің болашақта Хан ставкасындағы жоғарғы-бастауыш училищесіне түсуімізге көп септігін тигізді, - деп еске алған.

Кейін Хан ордасындағы бастауыш училищесінде, Хан ордасы мұғалімдер семинариясында оқиды.

Сол кездегі саяси жағдай Ордада Кеңес үкіметінің орнауы, Азамат соғысының жүруі Шәкір өміріне елеулі өзгерістер алып келді. Ордада құрылған І Үлгілі атты әскер полкіне мүше боп кірді. Ш.Жексенбаевтың әскери өмірі осылай басталды. Кейін Қызыл Армияның Орынборда ашылған Борисоглебск атты әскерлер командирлерін дайындайтын курсты тәмамдап, Шәкір І Қырғыз (Қазақ) кавалериялық дивизионының командирі болады. Взводты басқарып, эскадрон командирінің көмекшілігіне дейін көтеріледі. Жас командир өлкелік әскери-революциялық комитеттің жолдауымен Мәскеудегі жұмысшы, шаруа және қызыл әскер армиясы Бас штабының академиясына оқуға жіберілді. Алғыр жас мұнда да назардан тыс қалмайды. Үздік білімімен көзге түсіп, әскери академия басшысы М.Фрунзенің қолынан «Жоғары әскери білімі бар қолбасшы» деген куәлік алады. Сөйтіп, Ш.Жексенбаев қазақ арасынан шыққан ең алғашқы жоғары білімді офицер болады. Академияны бітірген соң Приволжье әскери округі 34-атқыштар дивизиясы 100-атқыштар полкінде рота командирі болады. Іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен саяси сауаттылығын бағаланып, партия жұмысына тартылады. 1925 жылы жаңадан ашылған әскери мектептің оқу бөлімінің бастығы,Қазақ АКСР-і Әскери Комиссариаты дайындық бөлімінің басшысы боп қызмет атқарады.

Белоруссия әскери округі 37-атқыштар дивизиясы 110-атқыштар полкінің штаб бастығы боп жүрген жерінен Мәскеудегі ГУК (мамандардың бас басқармасына) бұйрығымен біржылдық жоғары химия академиясының курсына жіберіледі. Міне, осы кезден бастап тікелей әскери химия саласындағы қызметі басталады. Оны Мәскеудегі химиялық басқарма секторы бастығының көмекшісі етіп тағайындайды, бірақ Ш.Жексенбаев кеңсе жұмысында отырғысы келмей өзі әскердегі қызметке сұранады. Оны 1932 жылы Украина әскери химиялық батальон командирі қызметіне тағайындайды. Кейін осы батальонды Қиыр Шығысқа жібереді. Батальон К.Рокоссовскийдің дивизиясының құрамына беріледі. Генерал Рокоссовский Ш.Жексенбаевтың әскери басшылық қабілетін, білімін көріп, көп ұзамай Благовещенскіде орналасқан әскери бірлестіктің химия қызметінің бастығы етіп тағайындайды. Полковник шеніне көтеріліп, Калининдегі әскери училищеге батальон командирі етіп жіберіледі. Ұлы Отан соғысы туралы суық хабарды осы қызметте жүріп естиді. Ш.Жексенбаев Батыс бағыттағы әскерлердің химиялық қорғаныс жөніндегі бастығының көмекшісі болып тағайындалады. Осындай жауапты тапсырма алғаннан кейін майдандағы әскерді аралап, химиялық қорғанысты ұйымдастырады. Соның ішінде химиялық жарылғышы бар бөтелкелермен, танкіні отқа орайтын фугастары бар отшашқыш роталар мен батальондар жедел құралып, қорғанысқа да, шабуылға да сақадай сай тұрады. Ш.Жексенбаевтың шебер ұйымдастырушылығын, батыл әрекеттерін көрген майдан командованиесі оны алдымен ІІІ Армияның химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы, Брянск майданының химиялық қорғаныс бөлімінің бастығы қып тағайындайды.

Брянск майданында АЛ-2 лабораториялық машина болды. Ш.Жексенбаев бұл зертханада фугасты от қаруларына арналған тиімді рецепттерін шығара бастайды. Дыбыстық және түтінді  шашкалар, артиллериялық снарядтар, миналар мен ампулалар түнгі уақыттарда «У-2» ұшағынан жаулардың әскери базаларына тасталып, оларды талқандады.

Брянск майданының қолбасшысы генерал-лейтенант К.Рокоссовскийдің Шәкірді«өз ісіне шын берілген, арнайы химиялық операцияларды шебер ұйымдастыра біледі» деп бағаласа, Брянск майданының қолбасшысы генерал-полковник М.Рейтер мен әскери кеңесінің мүшесі генерал-лейтенант Сусайковтар: «Ш.Жексенбаев – ержүрек, жігерлі басшы, әскердің көптеген шабуылдарына ықпал етуші. Оның ұйымдастыруымен иыққа асатын оқ атқыштарды дұшпанның дзоттарына, фугастарды неміс танкілеріне қарсы пайдалануды 1942 жылғы шабуылдау операцияларында кеңінен қолданып, нәтижесінде жаудың 9 танкісі мен 1000-ға тарта адамының көзі жойылды» деп жазған.

Осылайша көрсеткен батылдығы мен әскери сауаттылығы әділ бағаланып, Ш.Жексенбаевқа техника әскерлерінің генерал-майоры шені беріліп, үш мәрте «Қызыл Ту», «Ленин», І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.

Тәжірибесі мол, үйретері көп генерал-майор Ш.Жексенбаев Ворошилов атындағы химиялық қорғаныс академиясында факультет бастығы, КСРО құрлықтағы әскер басшысының қару және жабдықтау ісі жөніндегі орынбасары болды.

Ағамыз 1988 жылы қайтыс болып, Мәскеудегі Кунцево зиратында жерленген. Артында қалған ұлы Ерік (Олег) ғалым-микробиолог, медицина ғылымының докторы болса, немересі Марина Ресейдің әскери жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарады.

Ш.Жексенбаев жырақта жүрсе де, туған жерімен, Орда тарихи революциялық музейі ұжымымен тығыз байланыста болған. Батырдың өз қолымен тапсырған шинель, фуражка, көйлек, галифе сияқты киімдері қазіргі күні музей-қорығының қорында құнды экспонаттар қатарында сақтаулы.

 

Айнаш Бисекенова,

облыстық музей-қорықтың ғылыми қызметкері

Бөкей ордасы ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале