Алғабас ауылдық округіндегі «Миллат» шаруа қожалығының алқабында қазіргі таңда қызу еңбек. 120 гектар қара бидай алқабына орақ түсіпті. Даланы дүбірге бөлеп «қызыл кеме» «Нива» кетіп барады. Қожалық мал азығын дайындау науқанына да білек сыбана кіріскен.
- Біздің шаруашылық 2002 жылдан бері егіспен тұрақты айналысып келеді. Былтыр 250 гектар күздік егін салдық. Оның 120-сы қара бидай, 130 гектары – бидай. Биыл 400 гектар жерге ақ бидай, 200 гектарға арпа, сонымен қоса, 100 гектарға еркекшөп ектік.
Шөпті де шауып жатырмыз. Былтырға қарағанда биыл шығым жақсы, жағдайға шүкіршілік айтуға болады. 2000 бума шөп жинауды межелеп отырмыз. Бірақ кешегі созылып кеткен қыстың сабағы есімізде. Сондықтан қорды жинадық деп тоқмейілсімей, қал-дәрмен жеткенше еңбек етеміз. Мал азығын дайындау жоспарының 40 % - ын орындадық. Маусымдық жұмыста 7 еңбеккер бар, – деді «Миллат» қожалығының жетекшісі Миллат Қадыралин.
Қазіргі уақытта халық арасында мал азығының бағасына қатысты базына айтылып жүр. Миллат мырза ол туралы былай деді:
- Шөп шабу үшін техника мен жұмысшы керек. Қазіргі кезде техниканың қосалқы бөлшектері 25% - ға қымбаттады. Дизель қозғалтқыштарға арналған мотор майының бағасы 100% көтерілді. Буатын жіптің де бағасы 20 % - ға өсті. Қайта, дизель отынының бағасы қалыпты.
Бұған жұмысшылардың еңбекақысы мен тасымал шығындарын қосыңыз. Мысалы, біздің шабындық ауылдан 30 – 40 шақырым алыста. Осы себептермен шөп бағасы көтеріліп отыр. Бұл - пайда табу емес, еңбегіміздің өтеуі, – дейді шаруа.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz