16.06.2022, 16:45
Оқылды: 168

Шөп сатуда асыра сілтеу болмасын

Ауа райына қарай кешеуілдеп, егін сеуіп болған еңбеккерлер тағы бір жауапты науқан – шөп шабуға кірісті.
Биылғы қыс қарлы, көктем жаңбырлы болып, шөптің қаулап өсуіне жағдай жасады. Соңғы жылдары қуаңшылық салдарынан Қазақстанның, тіпті, біздің облыстың кей жерінде шөп тамырынан күйіп кетіп, мал азықсыз қалғаны бар. Сондықтан мал азығын дайындауға деген құлшыныс мықты.
Біздің ауданда көк шығымы жақсы.

IMG-20220616-WA0082
Теректі ауданы Шалқар ауылдық округі әкімі Сабырбек Мусиннің байқауынша, биыл шөп мол.
- Мамыр жаңбырлы болды. Дала керемет көктеп тұр. Округ аумағын аралап, мал жайылымын, шабындық орындарды қарап шықтық. Шөп Дуана ауылы маңында, Тая, Елекбай, Ақай деген жерлерде орақ салуға жетіп қалған, - дейді ол.
Күні ертең шөп жетілсе, орақ салуға шөпшілер де дайын отыр. Өздеріне қыстық азық жинақтап алған соң, шөп сату да басталады. Естуімізше, іргелес жатқан аудандарда шөп бағасы шарықтап тұрған көрінеді. Соған орай аудан азаматтары үндеу жариялап отыр.

Теректі ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ауыл шаруашылығы саласына еңбек сіңірген қайраткерлер және жергілікті атқарушы органның басшылығынан

ҮНДЕУ

Теректі ауданы - ауыл шаруашылығын жүргізуге қолайлы жер.
Ауданда мал және өсімдік шаруашылығы қатар дамытып отыр. Жылдан жылға егіс алқаптары көлемі ұлғайып, мал басы да көбейіп келеді.
Бүгінгі таңда ауданда 60 мыңнан астам ірі қара, 87 мың ұсақ мал және 17 мыңнан астам жылқы (оның ішінде ірі қараның 42%, ұсақ малдың 70% -дан астамы және жылқының 37% жеке аулаларда) бар.
Байқап отырсыздар, малдың көбі жеке аулада.
Бүгін-ертең шөпке орақ түсіп, қысқы мал азығын жинау басталады. Мал ұстайтын шаруашылықтар бар техникасын жұмылдырып, өз малына шөп жинап алады. Ал, қолында трактор, шөп шабу қондырғылары жоқ ауыл тұрғындары шөпті сатып алады.
Былтыр кей жерлерде қуаңшылық болуы себепті, шөп қымбатсып кетті. Сол кезде жекенің малына жем-шөп дайындап алу қиын болғаны шындық.
Биыл ауа райы қолайлы, шөп шығымы жақсы. Және де, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдарға көмек көрсетіліп отыр. Нақты айтсақ, жанар-жағармай материалдары жеңілдікті бағамен берілді, сатып алынатын жаңа ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымының мөлшерлемесі 50%-ға төмендеді. Сол арқылы өнім бағасын төмендетуге жағдай туғызылып отыр.
Біз, ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, ауыл шаруашылығы саласына еңбек сіңірген қайраткерлер және жергілікті атқарушы органның басшылығы бас қосып, ақыл қостық. Нәтижесінде, мал азығын дайындауға кететін шығынды, соның ішінде шөпшілерге төленетін еңбек ақы, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер және т.б қосымша шығындарды ескере отырып, 10 центнер шөптің бағасы 18 400-20 000 теңге болу керек деп есептеп отырмыз.
Сондықтан, шөп сатумен айналысатын барлық шаруашылықтарды биыл осы баға межесінен аспауға шақырамыз.
Бұдан бағасын асыру ауыл тұрғындарының шөп сатып алуына қиындық туғызары сөзсіз. Егер азығы жеткілікті болмаса, халық малын азайтуға мәжбүр болады. Малмен нәпақасын айырып отырған отбасылар үшін бұл қиын жағдай.
Ағайын, «Малдың жайын баққан білер» дейді емес пе, өздеріңіз де мал ұстап отырсыздар. Шөпті сатылымға шығарғанда «асыра сілтеуге» жол бермейік!

Білікбай Қазиқанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы;
Василий Савченко және Гусман Қатабаев ауданның құрметті азаматтары;
Сержан Идиятов, «Теректі» ШҚ басшысы, аудандық мәслихат депутаты;
Руслан Лұқпанов, «Тұмар» ШҚ басшысы;
Ертарғын Меңешев, «Сүйін ұрпағы» ШҚ басшысы;
Аманғали Бөкенбаев, «Бақыт» ШҚ басшысы;
Абат Джанназаров, «Шарақап» ШҚ басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале