Теректі ауданы әкімдігінде шегіртке тұқымдас зиянкестермен күрес бойынша шараларды үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың көшпелі отырысы өтті.
Отырысқа Батыс Қазақстан облысы аумақтық инспекциясының басшысы, облыстық штаб төрағасының орынбасары Лавр Хайретдинов, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Батыс Қазақстан облысы филиалының басшысы Алтай Алдабергенов арнайы келіп қатысты.
Аудандық штаб отырысына аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов төрағалық етті.
Күн тәртібінде биыл аудан аумағында зиянды шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс шаралар қаралды. Сонымен қатар аса қауіпті зиянды ағзалар мен ауруларға, үйірлі және үйірсіз шегірткелерге және басқа да зиянкестерге жүргізілетін жұмыс жоспары талқыланды.
Айталық, биыл үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық улау жұмыстары жөнінде Теректі аудандық аумақтық инспекция басшысы К.Дүйсеналиев есеп берді. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Теректі аудандық филиалының басшысы А.Ажимов шегірткелерге және басқа да зиянкестерге жүргізілген мониторингтік жұмыс туралы айтты.
Айта кетейік, аудан бойынша 10.5 мың гектар жерге республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы жұмыс жүргізу жоспарланған. Биыл 6 мың гектар аумаққа өңдеу жұмыстары көзделіп отыр.
Экономикалық басымдық ауыл шаруашылығына берілген Теректіде өсімдік зиянкестерімен күрес шарасына немқұрайлы қарауға болмайды. Әсіресе, шегірткелер өсімдік шаруашылығына, егіншілерге шығын тарттырып, еңбегіне зиян келтіретіні шындық. Сондықтан да зиянкестермен күрес жолдарын пысықтаған штаб мүшелері аймақтық инспекцияға, «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының» аудандық филиалына тапсырмалар берді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz