Ақжайық ауданы орталығында «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік салтанатты кеш өтті. Аудан әкімі Мұрат Сердалин құттықтау сөз сөйледі.
– Нәзік жандылар – сұлулықтың, ізгіліктің, жан байлығының, ғажап табандылықтың символы. Ұлы даламызда Домалақ ана, Ұмай ана, Зере, Ұлжан, Мәншүк, Әлия, Хиуаздардың есімдері тасқа қашалып, өшпестай жазулы тұр. Олардың ғибратты ғұмыры, өнегесі, ерлігі ұлтымыздың рухына қуат беріп келеді. Мұның жарқын мысалдарын біз әрдайым мақтан тұтамыз, зердемізден өшірмейміз. Егемендігіміздің елең-алаңында ел ерге қараған, ер жерге қараған күндер орын алып, алмағайып осы кезеңде үй, жанұя, бала сынды мәңгі құндылықтар үшін қиындықтармен арпалысқан, жауапкершілік, қайырымдылық қасиеттерінен ауытқымаған, ауыртпалықтарды еңсеріп, төңірегін алға сүйреген әйел-аналар – адамдықтың эталоны. Бұл заңды да. Сондықтан да сіздерге, аяулы жандар, ел басындағы сынақта аз дүниені тірнектеп, ұл-қыздарды жеткізгендеріңіз үшін, ошақтың жылуын сақтағандарыңыз үшін, айналаға ақыл мен сұлулықтан шуақ еселегендеріңіз үшін – МЫҢ ТАҒЗЫМ! – деген ол қызметте үздік, ауыл-елге беделді әйел-аналарға марапат табыстады.

Атап айтсақ, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғыс хатымен «Ақбота» балабақшасының меңгерушісі Гүлжанат Қажғалиева, аудандық аурухана директорының медицина бөлімі жөніндегі орынбасары Шара Манасова, облыс әкімі орынбасарының алғыс хатымен М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлмира Ағеділова мен Абай атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлнәр Иманғалиева марапатталды. Нәзік жандылардың бір тобына аудан әкімінің алғыс хаты мен облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының Құрмет грамотасы табыс етілді.

Осыдан соң жиналғандар мерекелік ыстық ілтипатқа толы бейнероликті тамашалады. Аудандық театр мүшелері сахналаған «Анаңа қоңырау шалдың ба?» қойылымы аудан көркемөнерпаздарының үлкен концертіне ұласты.

Әншілер әуелеткен «Қыздарға әсемдік жарасады», «16 қыз», өзге де әуен, ана туралы әндерден попурри әйел-анаға деген құрметті еселесе, ҚР Күйшілер одағының мүшесі Халел Сапаровтың орындауындағы «Аққу», «Ата толғауы» күйлері де көпшіліктің қошеметін еселей түсті.

Танымал әншілер Венера, Әнуар Нұрғалиевтар, Ділназ Айбарова, Әділжан Елешов, Алтынбек Базаров, Данияр Елеуов, т.б. өнерлі жандар көктем мерекесінің көркін көтерді. «Сымбат» және «Дарын» бишілер тобы да мың бұралған биімен көрерменнің ықыласына бөленді.
Концерттік шара вокалды топтың орындауында «Шақырады көктем» әнімен мәреленді.
Әлия Шарапиева,
Ақжайық ауданы