25.12.2020, 20:48
Оқылды: 277

Шуақты, шежірелі тарихы бар, Мектебім – ауданымның мақтанышы

«Мектеп – кеме, білім – теңіз» дейді дана халқымыз. Білім айдынында талмастан жүзіп келе жатқан ауданымыздағы іргелі мектептердің қатарына – Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі де кіреді. Бұл мектептің аудан үшін маңызы зор. Өйткені, бұл мектептің шежірелі тарихы, жеткен жетістігі де мол. Аталмыш білім ордасының қазіргі ғимаратының салынғанына табаны күректей 40 жыл толып отыр. Әріден бастап есептегенде бұл мектептің ашылғанына 91 жыл болған екен...

Жаңақала Мектеп

«Іргелі білім ордасының тарихы тереңде»

- Жаңақала ауданы №3 ауылдық советіне қарасты Қисыққамыс ауылында 1929 жылы екіжылдық мектеп болып, 30 оқушымен ашылған. Оның алғашқы директорлары Әубекер Әйнекенов, кейіннен Оразай Жетпісов болған.

1936-1937 оқу жылында мектеп жетіжылдық мектеп болып қайта құрылып, мектепке АҚШ-қа эмигрант болған итальян жұмысшы-революционер Сакконың атын берген.1934 жылы мұрағаттық деректер бойынша мектепте 2 сынып бөлмесінде 75 оқушы оқыған, 2 мұғалім жұмыс істеген.

1936 жылы мұғалімдер М.Теміралиев, А.Мусағалиев, С.Тұрдалиевтер істеген.

1937-1938 оқу жылында 7 сынып комплект болып, 139 оқушы білім алған.

Мұрағат мәліметтері бойынша Сакко орталау мектебінің 1941 жылы директоры Мәжит Төреғалиев, 1942-1946 жылдары Т.Дощанов, 1947-1949 жылдары К.Нұғманов 1950 жылы Д.Басирова, 1951-1952 жылы С.Кереев, оқытушылары И.Жұмағазиев, А.Құспантаева, Гұбашовалар болған.

1954 жылы Мұратов Сайын, 1955 жылы К.Шамилова 1956-1961 жылдары Сейтімов Ғалым директор болып істеген.

1953-1959  жылдары оқытушылары С.Ишанов, Н.Темірғалиева, Б.Үмбетова, А.Белова, К.Муфтиева, М.Ғұбашова, Р.Кенжебаева, Жамал Нұрымғалиева, Бәтима Шәкуова, Тастай Мерғалиев, Казима Жамилова болған. 1957 жылдан бастап Сакко жетіжылдық мектебі жанынан жатақхана ашылған.

Мектеп 1959 жылы 1-ші қыркүйегінен сегізжылдық мектепке айналған. 1955 жылы 116 оқушы, 1961 жылы 161 оқушы білім алған. 1960 жылы Сакко сегізжылдық мектебіне жаңа мектеп үйі қазіргі Бірлік көшесінде салынып берілді. Мектеп жетіжылдық, сегізжылдық болып жұмыс істеген жылдары бітірушілер С.Меңдешев атындағы және С.М.Киров атындағы орта мектептер де білімін жалғастырған. Осы жылдары мектепте А.Мұсағалиев,Т.Досжанов, Қ.Нұғманов, Д.Басирова, С.Кереев, С.Муратов, Қ.Есқайыров, С.Ишанов басшы болып істеді.

1965-1966 оқу жылында мектеп орта мектеп болып қайта құрылып, Сакко орта мектебі болып аталды. 1966-1972 жылдары аралығында Сакко орта мектебін жүздеген шәкірт бітіріп, үлкен өмірге жолдама алды.

1972 жылы Қисыққамыс ауылы қайта құрылған Жаңақала ауданының орталығы болғасын, ауылға Жаңақала аты берілді. Ең алғаш сегізжылдық, соңынан орта, орыс тілінде оқытатын Ю.Гагарин атындағы мектеп құрылып, 1975 жылдан 1979 жылға дейін 5 рет орта білім туралы аттестат беріп, өз түлектерін ұшырды. 1980 жылы аудан орталығы Жаңақала ауылында 784 балалық үш қабатты, типтік үлгідегі мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілгесін бұрынғы Сакко атындағы қазақ орта мектебі мен Ю.Гагарин атындағы орыс орта мектептерінің базасында аралас тілде оқытатын Жаңақала орта мектебі болып қайта құрылып, алғашқы 99 түлегіне орта білім туралы аттестат тапсырып, үлкен өмірге жолдама берді. Жаңақала ОЖББМ оқушыларының саны 1000-нан асып, мектеп 2 ауысымға да тарлық ететін болғасын, аудан орталығынан жаңа мектеп құрылысы басталып, 2007 жылы пайдалануға берілгенде, №3 қазақ орта мектебі болып құрылып, оқытушылар мен оқушылар құрамы №2 Жаңақала ЖОББМ-нен бөлініп шықты, - дейді кезінде осы мектептің директоры болған, қазіргі таңда ұстаздық қызметтегі Нұртай Мырзақұлов.

«41 мәрте түлек ұшырған алтын ұя»

EPSON MFP image

- Бастауын сонау 1929 жылдан алатын екіжылдық мектеп болып ашылған бүгінгі Жаңақала орта мектебіне 1980 жылдан бастап 2020 жылға дейін мектеп бітірушілерге 41 рет кәмелеттік аттестаттарын берген екен. Осы уақыт аралығына зер салсақ, 40 жыл ішінде мектепті 20 директор басқарып, олар әр жылдары абыройлы қызмет атқарса, бүгінгі күндері іштерінде бақилық болған аға буын өкілдері де, құрметті демалыстағы зейнеткелеріміз де, облыстың, ауданның әр салаларында табысты қызмет атқарып жүрген әріптестеріміз де бар.

«Қыран түлегіне қайыспас қанат сыйласа, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» деген халық даналығын өмірлерінің басты ұстанымы етіп ұстанып, 40 жыл ішінде шығармашылыққа толы қызмет атқарған ұстаздарға  тоқтала кетсем: «КСРО оқу ісінің үздігі Ф.Ахметова, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Мұғалім-әдіскер» Ж.Аубекерова, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» Р.Акболатова, «Халыққа ағарту ісінің озық қызметкері» Ә.Хамзин, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» К.Ильясов, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Л.Рамазанова, Р.Алиева, С.Ержанов, Р.Дауленова, В.Омарова, Н.Атауова, Т.Жұмашева, К.Сағынғалиева, Р.Рахимова сынды мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен мадақтауларына ие болды.

Жоғарыда есімдері аталған, өмірлері ұлағатқа толы ұстаздардың ізін жалғастырып, бір кездері Жаңақала ЖОББМ-де шығармашылық һәм ізденіспен ұстаздық етіп, бүгінде білім мен тәрбие беру майданында еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүрген жүрген ұстаздарға тоқтала кетейін.  Орал қаласындағы №28 ЖОББМ-нің ұстазы В.Омарова, Астана қаласында №31 мектеп-гимназиясында қызмет атқарып жүрген Ж.Даулетқалиева, БҚМУ оқытушысы Б.Шағымгереева, аудандық әдістемелік кабинет әдіскері Д.Мұқашева, Орал қаласындағы №44 мектеп-гимназия  ұстазы, бірнеше жыл №3 қазақ ЖОББҚМ-нің директоры болған А.Мурзашева, Алматы қаласындағы НЗМ ұстазы А.Құспанғали, Орал қаласындағы №49 ЖОББМ ұстазы Э.Дюсегалиева, №39 мектептің ұстазы Е.Әсетова, №22 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Шакирова, ауданымыздағы №3 қазақ ЖОББҚМ ұстаздары Д.Жұмагелдин, А.Дәулетқалиева, Қ.Әлмұқанов, З.Шманова, Ғ.Қарасаева, А.Сатов, Жаңақала мектеп-гимназиясының ұстаздары С.Аманова, К.Еспентаева А.Сәрсенғалиева, Г.Исмағұлова, А.Ибрашева, С.Борашева, Ж.Ерғалиева сынды ұстаздарды бүгінгі күндері әріптестері мен шәкірттері мақтанышпен айтып, сағынышпен еске алады, - дейді қазіргі мектеп директоры Айсұлу Мұратқызы.

Сандарды сөйлетсек...

МЕктеп директоры Айсұлу Мұратқызы (2)

Қазіргі таңда мектепте 683 оқушы, 92 мектепалды даярлық тобы тәрбиеленушілері және түзете-дамыта оқыту сыныбында 7 оқушы білім алуда. Барлығы 96 педагог жұмыс жасайды. Олардың 81-і жоғары білімді. І деңгейлі тарих пәні мұғалімі, мектеп көшбасшысы С.Алиев «педагог-шебер» санатын иеленді. Мектепте 21 «педагог-зерттеуші», 17 «педагог-сарапшы», 4 «педагог-модератор» бар. Жоғары санатты 6 мұғалім, І санатты 10 мұғалім, ІІ санатты 21 мұғалім қызмет жасайды.  Мектеп биылғы жылы екі жас маманмен толықты. Мектепте күні бүгінге дейін 21 түлек «Алтын  белгі» медалімен бітірсе, күміс медальмен 9 түлек тәмамдаған. Ал 39 түлек «Үздік аттестат»-қа ие болыпты.

Жетістіктігі мол – білім ошағы

Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің бағындырған белесі, жеткен жетістіктері мол. Ең бірінші сапалы білім беретін тәжірибелі, алды облыс көлеміне танымал, республикалық баспасөз беттерінен орын алған С.Алиев, Г.Сүлейменова, А.Аманғалиева, А.Каримов, Б.Ғабдуалиева, Г.Жангереева, Г.Ахметжанова, М.Иманғалиева, Т.Қойысова, Е.Бисекешов, Б.Таулин сынды мұғалімдерді ерекше екпін түсіріп, айтып өтуге болады.

Мектеп көшбасшысы, «педагог-шебер» С.Алиев облыс көлемінде жаңа «Іс-әрекеттегі зерттеу» тақырыбында жоба бастап, мектеп мұғалімдерін жаңашылдыққа үйретіп келеді. С.Алиевтің бастамасымен, кәсіподақтың қолдауымен өткен оқу жылында «Ашық сабақ - 2020» байқауы өткізілді. Ондағы мақсат – сингапурлық әдісті оқу үрдісіне енгізу. Байқауға қатысқан барлық мұғалімдердің сабағы жинақ болып, облыс көлемінде таратылды. Педагогтардың іс-тәжірибе таратылымы жүйелі жүруде. Облыс көлемінде 21 мұғалімнің іс-тәжірибесі жинақ болып шықса, республикалық басылымдарда 72 мұғалімнің іс-тәжірибесі жарияланған. 2019 жылы Қазақстан Республикасының білім және мәдениет саласындағы үздік қызметкерлері жөнінде «Алтын кітап»  энциклопедиясына мектептің алдыңғы қатарлы 44 мұғалімі еніп,  Құрмет грамотасымен марапатталыпты. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймыз.

Сөз соңы:

Кезінде мен де осы мектепте білім алып, 2012 жылы алтын ұя мектебіммен қоштасып, жас түлек атанып, үлкен өмірге қанат қақтым. Содан бері бақандай 8 жыл өтіпті. Қазір мектебіміз адам танымастай өзгерген һәм құлпыра түскен. Терезелерінің бәрі жаңа, іші мұнтаздай, сырты да жайнап тұр. Ұжымның бірлігі – бекем, оқушылары – білімді. Жұмысқа барар жолда және қайтар жолда мектебімді сыртынан көріп, балғын шақтарым есіме түсуші еді. Мақала жазуға барып, ішін еркін аралап, жүзі таныс ұстаздарымды көріп, бір жасап қалдым. Қасиетті білім ордасының 40 жылдық мерейтойы құтты болсын, құрметті оқырман! Біз бұл мектеппен тек қана мақтанамыз. Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі қырандай қалықтап, білім шыңында талмастан самғай берсін!

Жанайдар Болатбекұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале