Хакім Абай: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деп қалайша тауып айтқан десеңізші. Бұған қоса еңбекқор, абыройлы болып, бойындағы жақсы қасиеттерін танытып, қоғамнан ойып орын ала білген адамның мерейі тасымақ. Сондай адами болмысымен, ізгі істерімен ортасын тәнті етіп, жұлдыздай жарқырап өткен жандардың бірі – Сандуғаш Алманбетова. Қатар жүріп, еңбек еткен аяулы жан туралы өткен шақта айтудың өзі қиын екен. Дегенмен өзінің парасат-пайымымен, жаңашыл ісімен ел жадында қалған аяулы жанның ғибратты ғұмырын көпке үлгі ету, кейінгі буынға таныту – парызымыз деп қолға қалам алдық.
Марқұм Сандуғаш Жексенбайқызы қолына алған әрбір істің қиюын келтіріп, айналасына шуағын шашып жүретін. Оның бойындағы қайраттылық пен қайсарлықты, іскерлік пен білім-біліктілікті танып білгеннің баршасы оны құрмет тұтатын. Кезінде қызметтес болған Асыл Шамұратқызы, Ардақ Мырзакенқызы, Аягөз Ермекқызы, Ләззат Мәжитқызы, Диляра Қадырғалиқызы сынды әріптестер келместің кемесіне мініп кеткен жанды қимас сезіммен, сағынышпен еске алып, жастарға өнеге етіп отырады. Ол өзінің еңбек жолында әріптес болған жандарға жігер сыйлап, кәсібін шыңдауына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін еді. Әріптестері оның тынымсыз еңбекқорлығына, адалдығына, қарапайымдылығына сүйсінетін. Бірақ ол өзіне де, айналасына да қатты талап қоятын. Қандай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізіп, жемісін көргенше тыным таппайтын. Ата-анасынан дарыған тектілігі оны көптің ішінде сөзімен де, ісімен де ерекшелеп тұратын. Нағыз іскерлік қайратын танытатын елеулі шағында өмір-көші тоқтады.
Сандуғаш Жексенбайқызы 1969 жылы 17 маусымда Ақжайық ауданындағы Есенсай ауылында дүниеге келді. Ол – ата-анасы Жексенбай мен Жұмайшаның тұңғышы еді. Өзінен кейінгі сіңлісі мен екі інісінен апалық қамқорлығын аямайтын, бауырмал жан-тұғын. Сандуғаш 6 жасынан Есенсай орта мектебінің табалдырығын аттаған. Кейін ата-анасының қызмет бабымен қоныс аударған Чапаев ауылындағы М. Әуезов атындағы қазақ орта мектебін күміс медальмен бітіріп шықты. 1986 жылы А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында оқып, математика және информатика мұғалімі мамандығын алды. Алғашқы еңбек жолын 1996 жылы Қабыршақты ауылындағы қазіргі «Бітік «мектеп-бөбекжай» кешенінде информатика пәнінің мұғалімі болып бастаған. Оның мұғалімдік қызметіне деген жауапкершілігі, іскерлігі алғырлығы байқалды. Жастық жігермен шығармашылық өр леу жолына түскен Сандуғаш Жексенбайқызы 1996-2003 жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2003-2007 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2009-2013 жылдары аталмыш кешенде басшы болды.
Ол өзінің іскерлік қабілетін Қабыршақты ауылының әкімі, Орал қаласындағы №26 мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жүргенінде әрі қарай шыңдады. Одан кейін облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы, Орал қаласының білім беру бөлімі Оқушылар сарайының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Қай салада болса да, ер-азаматша жүріп, тез әрі саналы шешім қабылдап, қайсарлық танытатын мінезі оны құрметке бөледі. Өзінің 30 жылдық еңбек жолын биік мақсатқа, жасампаз істерге арнады. Ол «Әрбір бала – жарқыраған шамшырақ, оны жаға білген ұстаз ғана ұтады» деп мұғалімдерді әр оқушы бойындағы қабілетті ашуға талпындыратын. Өзінің мұғалім болғанына еш өкінбейтін, қайта мамандығын мақтан тұтатын. Біз үшін болмысы биік, қабілеті жоғары тұлғадан үйренеріміз көп болатын. Әр уақытта жаңалық іздеп, креативті ойлар айтып, заманауи идеяларды іске асыруға жұмылдыра білді. Алға үмітпен қарап, жақсылыққа талпына білуге үндейтін. Ұстаздық міндетіне жүрдім-бардым қарамайтын, өзгеден де осыны талап ететін. «Ертеңгі ел иесі бүгінгі ұрпақтың мінсіз елжанды азаматтар болып өсуі – ұстаз еңбегінен» дейтіні әлі есімізде. Сыртқы келбеті қатал, сұсты көрінгенімен, кез келген адамның жан дүниесін түсінуге келгенде жүрегі жұмсақ, ойы парасатты, өзі мейрімді екенін онымен бірге еңбек еткен, қасында болған, жақсылығын көргендердің бәрі айтады.
Білікті басшы бола жүріп, отбасында Нұрлан ағамыздың ардақты жары, қос ұлдың мейірімді анасы, шаңырағының шуағы еді. Үлкен ұлы Мерланын үйлендіріп, үш немересін көрді. Мейрамының өз қалауымен жоғарғы оқу орнын бітіріп, Астана филармониясының белді қызметкері болғанына қуанды.
Бүгінде біздің мектебімізде оның ұстаздық жолын Эльмира Әлібаева, Гаухар Мұханғалиева, Ержан Сәрсенбиев сынды шәкірттері жалғастырып жүр. Өмірінің соңғы жылдарында Орал қаласындағы балалар шығармашылығы орталығын басқара жүріп, облысымыздың қосымша білім беру жүйесінің технологиялық, инновациялық бағыттағы озық жұмыстарын ұйымдастыруға ұйытқы болды. Орталық жұмысын көруге келген Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Оқушылар сарайы жетістіктеріне оң баға беріп, Сандуғаш Жексенбайқызын «ҚР Тәуелсіздігіне - 20 жыл» медалімен марапаттады. Ол қайда жүрсе де, алғашқы еңбек жолын бастаған мектебінен қол үзген емес. Оның өмірге деген құштарлығы, айналасына деген көзқарасы, адамдығы және кәсіби іскерлігі әрқашан бізге үлгі болмақ.
Айша Қайсақова,
«Бітік «мектеп-бөбекжай» кешені» КММ-нің директоры, Ақжайық ауданы