Кеше С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында "Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамы" қоғамдық бірлестігінің ХХV облыстық шығармашылық фестивалінің аудандық іріктеу кезеңі өтті. Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен фестивальге 20-ға жуық мүгедектігі бар өнерпаз қатысты.
Айтулы іс-шараға Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева қатысып, аудан жұртшылығын қайырымдылық айына үлес қосуға шақырды.
Шығармашылық фестивальде өнерпаздар "Эстрадалық вокал", "Көрме", "Музыкалық аспапта ойнау" сынды аталымдар бойынша өз өнерлерін көрсетті. Бірі ән айтып, бірі аспапта ойнап, енді бірі қолөнер бұйымдары арқылы ішкі сырын көрерменге жеткізе білді.
Ал өмірде жігері мұқалмаған жандардың өнеріне Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлдария Халықова, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Балғаным Губашева, аудандық ерікті «Мүгедектер қоры» жетекшісі Сайда Сейтжанова, аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің директоры Эльмира Губашева әділ бағасын беріп, қазылық етті.
Әділ қазылардың шешімімен «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша қараобалық Гүлмира Құрманова ІІІ орын, казталовтық Алексей Хамитов ІІ орынға ие болса, Көпкүтір елді мекенінің тұрғыны Ұлан Сұңғатов жүлделі І орынға ие болып, фестивальдің облыстық кезеңіне жолдама алды. "Көрмеде" қолөнер бұйымдары үздік деп танылған Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Гүлмира Ажғалиева облыстық кезеңге жолдама алса, Гүлдария Бектиярова жүлделі ІІ орын, «Жақсылық жаса – Твори добро» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Анар Бажекенова жүлделі ІІІ орынға ие болды. "Музыкалық аспапта ойнау" аталымы бойынша өнер көрсеткен Казталов арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызмет алушысы Ахан Досболатов фестивальдің облыстық кезеңінде аудан намысын қорғамақ. Фестивальдің өзге қатысушылары алғысхатқа ие болды.
Сонымен қатар фестивальге қатысушылар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ киелі сахна төрінде "Қарлығаш" – әр үйге бақыт ұяласын" конкурсының қатысушылары да марапатталды. Конкурстың облыстық кезеңіне Бірік ауылдық округінің "Садықовтар отбасы" жолдама алды.
Фестивальге ауданымыздың белгілі жанашыр кәсіпкерлері Мерхат Ибатов, Әлібек Сартаев, Абылай Шакуов, Дамир Ахметов, Абат Малаев, Абзал Сралиев, Меңсұлу Нұршинова, Сайда Сейтжанова, Анар Оңғарова, Светлана Губашева қолдау көрсеткен. Казталов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Жақсыбаева фестивальге қатысушыларды марапаттап, қолдау көрсеткен демеушілер мен С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұжымына ризашылығын білдірді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz