6.06.2024, 11:30
Оқылды: 81

«Шын шебер бұйым жасарда ағаш таңдаудан жаңылмауы керек» – жас шебер

Мұнаралы әр жерде

Мешіт болған бұл ағаш,

Шеберлердің қолында

Кәсіп болған бұл ағаш.

19-ғасырда Қашаған жырау осылай деп баға берген ағаштан түйін түйген шеберлер аз емес. Солардың бірі – тайпақтық Армат Нығмет. Оның арнайы оқыған шеберлік оқуы да жоқ, кәсіп ашу үшін арнайы бағдарламаларға жүгініп те көрмеген. Бар сүйенгені – қолының икемі, алғырлығы мен туа біткен табандылығы.

D3889F52-910A-4D98-89F5-34AB3EE150C5

Армат мектепте оқып жүргенде, технология, қарапайым тілмен айтқанда, еңбек сабағына сүйіп қатысыпты. Шырпыдан үй құрастыру, ағаш жону, өзге де мұғалім берген тапсырмаларды лезде орындап тастайтын. Осы пәнді оқытқан Асланбек Шығанбаевтан үйренгені де аз емес. Бүгінде жасы 26-ға аяқ басқан кейіпкеріміз жиырма жасында, 2018 жылы шағын жер үстел жасап бастапты кәсібін.

Шебер әрі икемді қолдан шыққан дүниеге тапсырыс көлемі арта бастағасын, бос тұрған қорасын жөндеп, шеберханаға бейімдеп ашады.

Тапсырыстың артқаны соншалық, Арматқа сол кездерде бір күнде он үстел жасауға тура келіпті.

Кәсіпте жер үстелмен ғана алысқа шаба алмайтының белгілі. Бертін келе бесік те жасап, саудаға шығарған. Қазіргі таңда ауылды былай қойғанда, Орал қаласы мен Атырау облысының көршілес аудандарынан тапсырыстар жиі түсуде.

Оның қолынан шыққан жиһаздар тартымдылығымен сүйсінтеді. Әрі сапасы да көңілден шығады. Ағаш бұйымдарынан көрініс тапқан кәсіп иесінің шеберлігі де талайдың таңдайын қақтырған.

Ал ағайын-туыс пен таныстардың қолдануға жарамсыз болып қалған ағаш бұйымдарын әп-сәтте жөндеп беру бүгінде Армат үшін түк емес.

Мұндай шеберлік өз нағашыларынан дарығанын  айта кетті кейіпкеріміз. Анасының туыстары түгелге дерлік ағаштан да, темірден де түйін түйе білген жандар екен.

C203D182-C78F-4C61-8E93-5EFA4F81C6D6

Кезінде қорадан ашқан шеберханалары бүгінде жаңадан салынған жазғы сарайға көшкен, жұмыс жасауға алаңсыз, өте ыңғайлы. Шеберханалары деп көпке теліп жазуға себеп бар. Арматтың биыл тоғызыншы сыныпты аяқтайтын інісі Аршат та ағаштан бұйым жасауға төселіп келеді, кәдімгідей көмекші. Оның да арманы – болашақта ағасы секілді шеберхана ашып, ағаштан түрлі бұйымдар жасау. Осы жерде айта кетейік, әкеден ерте айырылған қос шебердің қамқоршысы – анасы.

Арматтың шеберлігімен қатар адамгершілігінен хабар беретін мына бір жағдайды баян ете кетсек.

Былтыр ол шабындық басында трактормен мал азығын дайындайтындардың жағдайын жеңілдетуге бір үлес қосуға ниет еткен екен. Ойлана келе, трактордың ішіне салқын сусындар қоятын ағаш қобдиша жасап шығарады.

Армат мұнысымен шектелмей, ауылдасының МТЗ-82 тракторының салонын қайта жаңғыртуға кіріседі. Сөйтіп шебердің күшімен ескі трактордың  іші адам танымастай өзгерді. Отырғышын қаптап, ұялы телефон орналастыратын орынды да  ағаштан әдемі етіп жасайды. Жақсыны көрген жандар ғажап тракторды, оны жаңғыртқан шебердің жұмысын жарнамалап, Алматы мен Тараз қалаларынан да тапсырыс түскен.

Тапсырысты қабылдау бір бөлек, жұмысты сапалы, дер уақытында бітіру де бар. Қай жұмысқа да асқан жауапкершілікпен қарайтын шебердің ісі тапсырыс иелерінің көңілінен шыққаны сөзсіз. Жұмысты қабылдап риза болған олар трактордың салонын бейнеролик жасап түсіріп, интернет желілерінде жарнамалапты.

Көптің ықыласына бөленген сол роликтерде  облыс, аудан, ауылының аты аталғанда, Арматтың біраз толқығаны да рас. «Шебердің қолы ортақ» деп осындайда айтса керек.

Еңбекқор жігіт бұл кәсібінен бөлек ауылдағы мәдениет үйінде күзетші боп қызмет етеді. Арадағы демалыс күндері жұрттан түскен тапсырыстар бойынша бұйымдар жасауға кіріседі.

Армат өнерден де құр алақан емес, поэзияны сүйіп оқиды. Өзі де мәдениет үйінде өтетін мерекелік шараларда көркем сөз оқып, көрермен ықыласына бөленіп жүр.

– Шын шеберлер болашақ бұйымды жасайтын ағаш таңдаудан жаңылмауы керек. Іспен айналысатын адам кез-келген жұмысты бастар алдында өзіне қажетті құрал-саймандарын дайындап алады. Мен ағаш материалдарын Оралдан тапсырыспен алдыртамын. Негізінен, сапасы жоғары қарағай, терек, емен, тұт ағаштарын көп пайдаланамын. Ағашты біркелкі жонып, жасайтын бұйымның пішінін келтіремін.

Ыдыс-аяқтардан басқа бұйымдарды арнайы майлы бояумен сырлап, жылтырап тұруы үшін лак жағамын. Бесік пен сандық жасар алдында жиһаздың ажарын ашатын ою-өрнектерді ойластырып аламын, сурет пен өрнектің қай бөлікке түсетінін де тұспалдап қою керек. Ал бұтағы көп ағаштар сәндік бұйымдар, яғни кәдесыйлар жасауға жарайды. Әрине, тегіс тақтайға қарағанда, бұтағы көп ағаштан бұйым жасау – машақаты көп жұмыс. Мұнда ағаштың пішініне қарап, қандай бұйым жасауға лайық екенін болжай білу қажет, яғни алдын ала жоспар құрасың.

Егер ойыңдағы өрнекті ағашқа түсіргенде сәл қателесіп кетсең, бар жоспарыңның күлі көкке ұшады. Демек жұмыс толық аяқталғанша, шеберге асқан мұқияттылық, ұқыптылық, дәлдік қажет. Негізі, қай-қай ағаштан да кәдеге жарайтын бұйым жасап шығаруға болады. Жаспын ғой, «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз». Сондықтан әлі де ізденуім керек, үйренетінім көп алда, - дейді Армат.

«Адамның жасағанын адам жасайды» деген сөз бекер айтылмаған. Өзі жасап жатқан дүниесіне деген қызығушылығы мен шыдамдылығы болса, талпынысы болса, өз замандастарын ағаш өңдеу өнеріне баулығысы келеді кейіпкеріміздің. Әзірге кәсібінде көмектесетін інісі Аршат бар. Ортақ кәсіптен түскен табыстан бауырына да үлес бар, сабақ құралдары, киім-кешегін жалақысынан алады. Студент іні-қарындасына да қолдау көрсетіп жүр.

– Мен ешқандай да жаңалық ашып отырған жоқпын. Тек ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан өнерді жаңғыртып, кәсіп еттім, - деген Арматқа алдағы жоспарлары мен арман-мақсаттары орындалып, еңбегі жарқырай түссін деп тіледік.

Әсет Бисенғалиев

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале