2017 жылдың 12 сәуірінде ҚР тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Кейін мақаладан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іске қосылды. Ұлттық бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде ілкімді істер атқарылып, бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Ал, Казталов ауданының мәрт азаматтары 2009 жылдан бастап туған жерін дамытуға үлес қосып келеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында мектеп түлектері мен жомарт жандардың демеушілігімен 2009-2017 жылдары жалпы құны 150 млн. 470 теңге болатын 63 жоба іске асырылса, 2017-2022 жылдар аралығында 470 млн 250 мың теңгеге 247 жоба жүзеге асырылса, тек былтырдың өзінде 81 млн 710 мың теңге қаражатқа 42 жоба атқарылды. Ал 2023 жылдың аяғына дейін 70 млн 750 мың теңгенің 43 жобасы жүзеге асырылады. Оның ішінде 58 250 000 теңгені қамтитын 33 жоба аяқталып, ел игілігіне берілген. Бағдарламаның Казталов ауданында жүзеге асырылуы жөнінде аудан әкімі Асланбек Сарқұлов айтып берді.
-«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасы аясында ауданымызда меценаттар мен мектеп түлектерінің атқарған игі істері ұшан теңіз, жыл сайын жалғасын тауып, облыс көлемінде алдыңғы орындардан көрініп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы елдегі жас ұрпақтың бойын бір серпілтіп, олардың жүрегіндегі отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға үлкен септігін тигізетін бағдарлама деп айтуға толық негіз бар. Ауданымызда атқарылған бірнеше жобалардың ең көлемділеріне тоқталсақ, «Фельдшерлік акушерлік пункт», «Шағын футбол» және «Street Workout» спорттық демалыс алаңдары, заманауи «жазғы сахна» алаңы, балалар ойын алаңдары, «Ту тұғырлары», жарықдиотты композициялар, тынымбақтар, саябақ демалыс орындары ашылса, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында ауданымыздың төрінен орын тапқан «Шаңырақ», «Алтыбақан», қазақтың қара домбырасы композициялары мен «Тәуелсіздік» монументтері орнатылып, халық игілігіне табыс етілген болатын. Тұнығымыз да, тұмарымыз да – ауыл. «Туған жерге туыңды тік» деген даналықты айтып қана қоймай, шаруасын шалқытып, беделін биіктету әр азаматтың ұлы борышы деп санап, ауданымыздың қарыштап дамуына өз үлестерін қосып, әркез қолдау көрсетіп жүрген меценаттар мен мектеп түлектерінің елге атқарған қызметтерін көрсетіп, бағалауды дәстүрге айналдыруды мақсат еттік. Сондықтан да ауданымызды көркейтіп, дамуы мен өркендеуіне қалай үлес қоссам екен деген жырақтағы жерлестеріміз бен әр жылғы мектеп түлектері ауыл халқының сұраныста тұрған жобаларын қолға алып жүзеге асыруда, - деді аудан әкімі.
Аудандағы игі бастамаларды жүзеге асыруда меценаттардың да үлесі зор. Олардың қатарынан Алтай Мұхамбетқалиев, Қанағат Абужалитов, Марат Бегалиев, Руслан Сарбаев, Кәрім Тәжмағанбетұлы Өтеғұлов, Нұрлыбай Жолдыбайұлы Жолдыбаев, Самат Хамзаұлы Хасанов, ағайынды Сралиевтер, Рауан Бақтығалиұлы Есенғалиев, Александр Ахметқалиұлы Қарағойшин, Қадырбек Сатыбалдыұлы Исмурзин, Дархан Қадыраліұлы Аябалиев, Сансызбай Серікбайұлы Оразовтардың есімдерін ерекше атап өтуге болады.
Шын мәнінде жүзеге асқан жобаны қандай да бір бағдарламаның тасасында қалдыруға болмайды. Дегенмен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өскелең ұрпақтың санасын оятып, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға сеп болғаны сөзсіз. Туған жерде білім алып, асқақ арманға қанат қаққан мектеп түлектерінің туған жерге қарайлауы үлгі тұтарлық іс дейді Казталов ауданының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Айбек Көшеғалиев.
-Ауданымыздағы мектеп түлектері мен меценаттардың бастамасымен жүзеге асырылып жатырған жобалар ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге септігін тигізеді. Соңғы уақытта елімізде ауылдардың дамуына көңіл бөлініп келеді. Ал ауылдарда мәдени-көпшілік орындардың, ескерткіштердің қатары артуы халықтың ауылға деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, бірқатар ірі жобалардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары да ашылады, - деді ол.
Хош ағымдағы жылы ауданымызда жүзеге асырылған жобаларға тоқталсақ. Казталов ауданының Қошанкөл ауылына «Казталов ауданының құрметті азаматы» Алтай Мұхамбетқалиев аялдама орнатса, Көктерек ауылдық округінің Сатыбалды елді мекенінің азаматы, «Қасиет» шаруа қожалығының жетекшісі Қанағат Абужалитов туған ауылына жарықдиодты композиция тарту етті. Ал қараобалық Зейнетолла Ибатовтың ұрпақтары «Субұрқақ» тарту еткен. Түлектердің бастамасымен Талдықұдықта коворкинг орталығы, Қараөзенде автобус аялдамасы «Қараөзен» жарықдиодты жол белгісі, Көктеректе хоккей алаңы мен «Көктерек ауылы» жол белгісі, Жалпақталда ту тұғыры орнатылып, кіреберіс арка, Қайыңды мен Қарасуда «Құрмет тақтасы» орнатылса, Бостандықта түлектер «Сырғанақ алаңы» мен «Бостандық» кіреберіс аркасын, Көмекші елді мекенінің түлектері ауылға тынымбақ тарту етті. Сонымен қатар, бірқатар ауылдық округте түлектер ауылдағы саябақтарды абаттандыру жұмысына үлес қосып, жарықдиодты шамдар, субұрқақтар, орындықтар, композициялар орнатып, өрнек тастар орнатуға үлестерін қосты және ұлттық құндылығымызды дәріптеу мақсатында киіз үйлер тарту етті.
Ауылды өркендетуге үлес қосқан меценаттар мен түлектердің игі бастамаларына тұрғындар да дән риза. Аудан халқы тек «Рухани жаңғыру» ғана емес, өзге де қайырымдылық жобаларына өз үлестерін қосып келеді. Осы тұста ауданымыздың Жалпақтал ауылы 2021 жылы «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Ең мейірімді» байқауының «Ең мейірімді ауыл» номинациясының I орын иегері атанды. Қазақстан Республикасының 30 жылдығы мерекесіне орай Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен осы салтанатты шарада республикалық «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясы бойынша жерлесіміз, Казталов аудандық мәслихатының депутаты Рауан Есенғалиев жеңімпаз атанса, «Ең мейірімді бизнес» аталымы бойынша Көктерек ауылдық округіне қарасты «Нұрхан» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Асылхан Төлеуғалиев II орын иеленген болатын. Айта кетейік, Рауан Есенғалиев Жаңажол ауылына фелдшерлік-акушерлік пункт салып берген болса, Асылхан Төлеуғалиев мейрамхана бизнесінен бастартып, Көктеректегі балабақша мәселесінің шешімін табуына септігін тигізді. Ол іргесі қаланған мейрамхана ғимаратын балабақшаға айналдырған еді.
Біз мақаламызда Казталов ауданында жүзеге асырылып жатырған игі жобалардың біразына тоқталдық. Игі жобалар мен бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені Казталовта бұл қалыпты үрдіске айналды.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz