14.07.2022, 9:15
Оқылды: 74

Шынашақтай палуан қыз

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған іргелі мекен – Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округінде туған жерін алтын бесікке балайтын ауылдастарымыз баршылық. 

айымгул сагидолла — копия

Солардың бірі – Тасоба елді мекеніндегі Жаппаровтар отбасы. Отағасы Азамат пен отанасы Нұркүн өзгеге иек артпай, жанұяның көсегесін адал еңбектерімен көгертуде. Олар бес бала тәрбиелеп отыр. Ұл-қыздың алды студент атанса, екінші қызы Айымгүл Сағидолла – 7-сынып оқушысы. Қаршадай қыздың күреске қатысқанына көп бола қойған жоқ. Былтыр қараша айында ауылдағы өзімен қатарлас құрбыларымен бірге мектеп жанындағы күрес үйірмесіне қатыса бастады. Содан бергі аз уақыттың ішінде спорттың осы түрінің қыр-сырына там-тұмдап қаныға бастады. Соның нәтижесіндей болып үйінің төрінде аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда олжалаған  медальдары  ілулі  тұр. Мысалы, Айымгүлдің жақында Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өткен байрақты бәсекеде 38 келі салмақпен қызылордалық, маңғыстаулық палуандарды тізе бүктіріп, қола медаль иеленгенін жерлестері мақтан етеді.

Әлбетте, балауса спортшының бойындағы дарынды танып, жаңа белестерге талпындыруда жаттықтырушының еңбегі зор. Осы ретте тек Айымгүлді емес, күрес үйірмесіне қатысып жүрген барлық балғын спортшыны баптап жүрген Ақжол Жасқайраттың  есімі ауылда ілтипатпен аталады. Бапкерінің келіскені – палуанның бағы. Ақжолдың жақсы қасиеті балаларды бір сөйлескеннен-ақ үйіріп әкетеді. Есенсай орта мектебінде 2019 жылдан бері қызмет етеді. Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің түлегі. Келіншегі Айдана шәкірттерге химия пәнінен сабақ береді. Ерлі-зайыпты мұғалімдер шаңырағында қос ұл  өсіп келеді.

Мектебімізде Айымгүл мен оның замандастарының күреспен айналысуына толық жағдай жасалған. Жергілікті жомарт жандардың қамқорлығымен жабдықталған спортзалында өтетін Ақжолдың үйірмесіне 40 шақты ұл, 10 шақты қыз қатысады.  Арнайы күрес киімін киіп, жаттығып жүрген Айымгүлді де осы жерден жиі көреміз. Шынашақтай палуан қыздың алға қойған мақсаты биік. Күні кеше Қызылордадан олжалы оралған оның асқақ арманы орындалып, Есенсайдай құтты мекеннің әлі-ақ атын шығаратынына сенімдіміз.

Мерует Қауымбаева,

Есенсай ауылдық округінің

  ардагерлер кеңесінің  төрайымы,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале