Бүгін Шыңғырлау ауданына жұмыс сапарымен келген «Жайық Пресс» медиахолдингі Бас директорының аға кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай аудан әкімі Альберт Есалиевтің қатысуымен аудан активіне «Жайық Пресс» ЖШС Шыңғырлау филиалы – «Серпін» газетінің директор-редакторы қызметіне тағайындалған Анар Садықованы таныстырды.
Жиынды ашқан Альберт Темірболатұлы аудан қонағы Нұрсұлтан Ертуғанұлына қош келдіңіз айтып, аудан активіне оның жұмыс сапарының мақсатын құлағдар етті.
Медиахолдинг Бас директорының аға кеңесшісі осы уақытқа дейін «Серпін» газетінің директор-редакторы қызметін атқарып келген Адақ Шотпановқа жемісті жұмысы үшін алғысын білдіріп, медиахолдинг Бас директоры Рауан Сәбитовтің Алғыс хаты мен естелік сыйлығын табыстады.
Нұрсұлтан Мықтыбай одан әрі аудан активіне медиахолдингтің Бас директоры Рауан Сәбитұлының бұйрығымен филиалдың директор-редакторы лауазымына тағайындалған Анар Садықованың еңбек жолын таныстырып, оның жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Ертуғанұлы «Серпін» газетінің редакциясында болып, жаңа басшыны ұжыммен таныстырды.
Онда сөз алған редакция қызметкерлері Адақ Танабайұлына алғыс айтып, естелік сыйлықтарын тарту етті. Жаңадан тағайындалған Анар Амангелдіқызына сәттілік тілеп, бірге табысты еңбек етуге сенім білдірді, ақжарма тілектерін арнады. Өз кезегінде Адақ Танабайұлы да ұжымға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта да редакциямен байланысын үзбейтінін жеткізді.
Айта кетейік, Анар Амангелдіқызы Садықова 1985 жылдың 11 наурызында Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген.
Білімі – жоғары. 2006 жылы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» факультетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Тасмола орта жалпы білім беретін мектебінде «Қазақ тілі және әдебиеті» пәнінің мұғалімі қызметінен бастап, осы мектепте 3 жыл еңбек еткен.
2009-2013 жылдары аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімінде бас маман қызметінде болған.
Соңғы 5 жылдан бері, яғни, 2013 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Шыңғырлау ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымын атқарып келген.
Біз де батыс өңірінің басты ақпарат көзі – «Жайық Пресс» медиахолдингі ұжымының атынан Анар Амангелдіқызының жаңа қызметіне табыс тілейміз!
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!