Бұл жолғы жаңалық соғыс киіміндегі сарбаз мүсіні. Сарбазға қысқа жеңді, етегі ұзын келетін кәдуілгі «құяқ сауыт» аталатын жауынгерлік көбе кигізілген. Бір иығына садақ іліп, арқасына қорамсақ байлаған. Қорамсақта күшіген жүнін таққан бірнеше сауытбұзар қозыжауырын жебелер салынған. Бастағы қыл таққан құрыш дулығаның күмбезі көркем, шыңы қалың құйылған. Белдегі кісе белбеуге қанжар мен қылыштың қыны ілінген. Қылышын қолға алған сарбаз мүсіні зор ғып жасалған, орта бойлы адамның өзі иығына ғана келеді. Білекті, аяқтың тізе және одан төмен жіліншікті қорғап тұратын көзе сауыттың элементтері кірістірілген.
Жалпы, құяқ сауыт-жеңі қысқа, етек жағы ұзындау келген жауынгерлік киімнің бір түрі. Көбінде қой жүнінен иірілген жіппен тоқылған немесе киізден қалың етіп жасалған кебенек сыртынан киіледі. Дөңгелек, кейде төрт бұрышты келген темір кесінділерді балықтың қабыршақтарындай етіп орналастырып жасайды. Бұл әдіспен жасалған киімдер садақ жебесі мен найзадан жақсы қорғаныс болған және өзінің ыңғайлылығына байланысты адамның еркін қимылдап шайқасуына мүмкіндік берген.
Жалпы, сауыттың өзі садақ, қылыш, найза сынды қарулардан қорғануға арналған киім. Сауыттың тарихы тереңде жатыр. Қазақ жерін ежелден мекен еткен сақ тайпалары да сауыт жасағаны белгілі. Ол кезде отты қару-мылтық болмағандықтан өткір қарулардан қорғануға сауыт әбден жарап тұрған. Соғыстарда адам шығынын азайтып, әскерді сақтап қалуға мүмкіндіктер берген. Сақ бабаларымыздан бері кле жақтан сауыт жасау өнері де жетіліп, ат үстіндегі көшпелі елдің сауыт-саймандары аса жеңіл, соғысуға ыңғайлы етіп жасалып келген.
Аталмыш сарбаз мүсіні, сауыт Павлодар облысы Екібастұз қаласынан әкелінді. Сол қалада тұратын шебер Хаймергенов Думан Сабыржанұлы деген азаматтың қолынан шыққан жауынгер киімі. Сауыттың жасалуына былғары, болат, аттың қылы пайдаланылған. Құнды қолөнерді жеткізуге жерлесіміз, меценат Ләззат Ақтаубаева демеушілік танытты. Қосымша демеушілікпен қолдау білдірген Әлібек Талдыбаев, Абат Измилов, Жанар Жаркеева, Гүлнара Тасмағамбетова, Ақмарал Исанова сынды жерлестеріміз жергілікті музейдің шынайы жанашырлары. Ал осы жәдігерді Шыңғырлау еліне жеткізуде үлкен тапқырлық танытып, қор үлес қосқан музей диркторы Тілеген Қалиевтің еңбегі бөлек әңгіме.
Ел руханиятын толықтыру мен аудан атын көтеруде үнемі қалыс қалмай, көмек қолын созатын жандарға алғыс та ерекше.
Сонымен, музей ұжымы барша жерлестерді жаңа жәдігермен танысуға шақырады.
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы