Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев ауданның үлкендері, қадірлі қарттарымен кездесті. Алғыс айту күні мерекесі қарсаңында өткізілген кездесуге еңбек жолы осы жерде өтіп, ауданның тарихында ойып тұрып орын алған әр түрлі сала ардагері қатысты.
- Кезінде өз мекенінен еріксіз қоныс аударып, елімізге келген түрлі ұлт өкілдерін құшақ жая қарсы алып, қонақжайлығымен, кең пейіл, ақ көңілімен қабылдап алған халқымыз қай кезде де алғысқа лайық. Сол бір қиын уақытта бір атаның баласындай бір шаңырақтың астына жиылған болатынбыз. Міне қазірде бірлігі жарасқан көпұлтты елміз! Көктемнің алғашқы күні осындай тамаша мереке болып белгіленді. Осы орайда сіздерді құттықтап, шексіз алғысымды білдіремін! Ауданымыздың гүлденіп, дамуына үлес қосып, ел игілігі үшін талай жыл еңбек еткен өздеріңізсіздер. Сіздерге қанша алғыс айтсақ та артық емес. Арамызда өнеге, үлгі болып жүре беріңіздер! - деп тілек білдірді аудан әкімі.
Сала ардагерлері де өздерінің өмір жолдарын, естелік-әңгімелерін айтып, ақ тілектері мен ризашылықтарын жеткізіп жатты.
Кеште қонақтарға арналып әндер айтылып, «Шыңғырлау - шуақ мекенім» фильмінің «Өткен уақыт өрнегі» атты бөлімі көрсетілді. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданының тарихи мұралары, көрікті жерлері, ауыл мақтаныштарының суреттерінен шағын көрме қойылды.
«Ардагерлер» вокалдық тобы, «Әжелер» ансамблі де өздерінің ән-шашуларын тарту етті. Әсем әндерге би билеп, жастық шаққа бір саяхат жасағандай болды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz