Шыңғырлау ауданында аудан әкімінің кубогіне арналған волейболдан ерлер арасында аудан чемпионаты өтті. Ауқымды додаға мемлекеттік қызметшілерден құралған 10 команда - БҚО әкімдігі командасы, Орал қаласы әкімдігінің командасы, Ақжайық, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Қаратөбе, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау ауданы әкімдіктерінің командалары қатысты.
Сайыстың бас төрешісі - аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің әдіскері Санат Саматов болды. Ойындар спорт кешенінің екі залымен қатар, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде де өткізілді.
Чемпионаттың ашылу салтанатында жарысқа қатысушы командалар таныстырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзі ауданымызға арнайы келіп, жарыстың құрметті қонағы болған, БҚО әкімдігі командасында ойын көрсетіп, чемпионаттың көркін қыздыра түскен облыс әкімінің орынбасары, волейболдан Батыс Қазақстан облыстық федерациясының президенті Тілепберген Қаюповқа берілді.
-Қайырлы күн құрметті спортшылар! Баршаңызды 2025 жылдың алғашқы ойынымен құттықтаймын! Өздеріңізге мәлім осы чемпионаттар әр ауданда өткізіліп былтырғы жылды жоғары деңгейде аяқтадық. Облыстағы, әрбір аудандағы мемлекеттік қызметшілердің осындай чемпионаттарға қатысуына, қызметшілердің спортпен шұғылдануына барынша атсалысып жатырмыз. Мемлекеттік қызметшілердің спорт саласына қызығушылықтарын арттыру, қолдау көрсету - басты мақсаттардың бірі. Былтырғы нәтижелі жылдың қорытындысы облыс әкімінің кубогі болған болатын. Биылғы 2025 жылдың бастапқы ойыны Шыңғырлау төрінде орын алып жатыр. Сол үшін аудан әкімдігіне, қатысушыларға алғысымызды білдіреміз. Ұйымдастыру жоғары деңгейде екенін көріп отырмыз. Осындай бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды додалар көптеп өткізіліп, жылымыз жемісті болады деп үміттенеміз,- дей келе, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі Тілепберген Ерсайұлы.
-Бүгінгі чемпионатқа қатысып отырған барлық мемлекеттік қызметшілерге сәттілік тілеймін. Ауданымызда өтіп жатқан осындай додаға келіп қолдау көрсетіп жатқан қонақтарымызға, өңіріміздің әр жерінен келген қатысушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Баршаңызға денсаулық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Жеңісті күндеріміз көп болсын!,- деп келесі құттықтау сөзін сөйледі аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев.
Кейін Шыңғырлау ауданының гимні “Шыңғырлауым - сәнді өлкем” әні орындалып, ашылу салтанаты мәресіне жетті.
Таңғы уақыттан бастау алған тартысты ойындардың көрермендері де, командалардың қолдаушылары да көп болды. Мемлекеттік қызметшілердің волейбол ойынын ойнағандағы біліктіліктері кәсіби спортшылардан кем түспейді. Бірінен бірі асып түсетін кіл мықтылар жиналғандықтан жарыс кешкі уақытқа дейін жалғасты. Себебі нағыз мықтыны анықтау оңайға соқпады. Десе де, жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Үздіктердің үздігі анықталып, тартысты финалдық ойыннан кейін жеңімпаздарды марапаттау рәсімі жүргізілді.
Шыңғырлау ауданы әкімінің кубогіне арналған волейболдан ерлер арасындағы аудан чемпионатының нәтижесінде Орал қаласының әкімдігі командасы ІІІ, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі ІІ, Ақжайық ауданы әкімдігі жүлделі І орынды иеленді. Сондай-ақ үздік ойын көрсеткен ойыншыларға номинациялар табысталды.
Осылайша жылдың алғашқы ауқымды спорттық жарысы жоғары деңгейде өтті. Алдағы уақытта бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы игі шаралар, нәтижелі жұмыстар көптеп атқарыла бермек.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы