14.03.2025, 23:00
Оқылды: 168

Шыңғырлау ауданы: Көрісе барып, үлкендердің батасын алды

Қазақтар салт-дәстүрін сақтап, әдет-ғұрыпын ұстанып, ұлттық құндылықтарын дәріптеп жүретін ең қонақжай халық. Әрбір дәстүрі тарихынан сыр шертіп, әр мерекесі жанға жылулық сыйлайды.

480553824_2083553718723052_8243682859653286428_n
Ел ішіндегі сыйластық пен қонақжайлық ерекше көрініс табатын мерекелердің бірі – 14 наурыз Көрісу күні. Ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлем бір-бірінің үйлеріне барып, хал-жай сұрасатын, көшеде көрісе қалған жандар қол аласып, төс қағыстыратын мейрам бұл. Осындай бір ерекше күні халық арасындағы татулық, бауырмалдылық нығая түсіп, ұлттық құндылықтар ұлықталады.

480970640_2083553735389717_3145391959694832121_n
Ертеден келе жатқан ұлттық мейрам, әсіресе, батыс өңірлерінде кеңінен тойланады. Мерекелерді тойлауды наурыз айының басынан бастап кететін Шыңғырлау ауданының тұрғындары көрісу күнін ерекше атап өтеді. Қазақы киімдерін киіп, ұлттық тағамдарын дайындап, бір-біріне көрісе барып, келгендерді құшақ жая қарсы алады. Осындай әдемі көріністердің бірі - Шыңғырлау ауданының сыйлы үлкендері Масабай ата мен Тәрбия апа Ақбалиевтердің үйіне «Болашақ» бөбекжайының бүлдіршіндері көрісе барды. Ата-әжеден амандық сұрап, мерекемен құттықтаған Ислам мен Кәусар, үлкендердің ризашылықтарын алды.

476867220_2083553765389714_3642711860210557420_n
- Айналайын, балаларым, бар болыңдар, нар болыңдар. Құттықтап келген ниеттеріңе ризамыз. Еліне елеулі, халқына қалаулы азамат, азаматша болыңдар. Қайда жүрсеңдер де жолдарың ашық, дұшпандарың қашық болсын. Бақытты балалық шақ тілеймін. Баршаңызды да мерекелеріңізбен құттықтаймын! Жанұяларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға береке берсін. Ауыл-аймақ аман болсын, тыныштық заман болсын. Ақ мол болсын, денсаулығымыз зор болсын. Наурызымыз құт-береке әкелсін, - деп қазыналы қариялар ақжарма тілегі мен ақ батасын арнады.
Ұлттық мейрамдарымыздың ішіндегі ерекшесі – көрісу күнінің осылайша аталып өтетіні қуантады. Ел-жұртының, бір-бірінің амандығын тілескен үлкен-кіші барда босағамыз берік, бірлігіміз бекем болары сөзсіз.

Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале