Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні. Сыйластық пен құрмет, татулық пен бауырмалдылық көрініс табатын, амандық-саулық тілеп, хал-жағдай сұрасатын мерекені шыңғырлаулықтар ерекше атап өтеді. Таңнан бастап әрбір мекеме, бөлімдердің қызметкерлері, ауыл тұрғындары бір-біріне көрісе барып, мерекемен құттықтап жатты.
Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев ауыл үлкендерінің үйіне көрісе барды. Аудан өркендеуіне елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері Төлеген Сапарғалиев пен Ағила Ивалиеваның, ауылымыздың ең үлкен әзіз әжесі Қалима Жұмабаеваның шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтап шықты.
Амандық-саулық сұрай барған жандар, елдің тыныштығын, жұртының амандығын тілеп отыратын қазыналы қарттардың ақ баталарын алып қайтты.
“Ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын, не тілесең сол болсын! Отбасылармыз аман болсын, тыныш заман болсын. Мереке құтты болсын,- деп тілек білдірді үлкендер.
Аталмыш күн қарсаңында аудандық саябақта «Амал келді, жыл келді!» атты мерекелік бағдарлама өткізілді. Ұлттық болмысты, қазақы құндылықтарды суреттеген қойылымдар, қазақтың халық әндері, мың бұралған билері халыққа мерекелік шашу ретінде ұсынылды. Наурыз мерекелерін асыға күтіп, дүркірете тойлайтын ауыл тұрғындары би билеп, қосыла ән шырқады.
Мерекелік концертте аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев сөз сөйлеп, ауылдастарын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
Кейін аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің алдында ұлттық спорт түрлерінен түрлі байқаулар бастау алды. Арқан тартыс, қол күрес ойындарында бақ сынаған шыңғырлаулықтарға сый-сыяпаттар табысталып, жеңімпаздар марапатталды.
Әсел Әлім
Шыңғырлау ауданы