Елімізде 23 маусым – Мемлекеттік қызметкерлер күні және Қазақстан полициясы күні тойланады. Елінің тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халқының сенімін арқалаған полиция қызметкерлеріне, мәртебелі міндетті көтеріп, жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен атқарып жүрген мемлекеттік қызметкерлерге қашан да құрмет зор. Кәсіби мерекелер қарсаңында Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аталған сала мамандарының қатысуымен спартакиада өтті.
Спорттық шараға барлық ауылдық округ әкімі аппараттары, аудандық полиция бөлімі, дербес мекеме-бөлімдер, басқармалар қатысып, волейбол, арқан тартыс, садақ ату және үстел теннисінен өзара сайысқа түсті.
Спартакиада ойындарының нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Ақтау, Шыңғырлау, Қарағаш және Алмаз ауылдық округі әкімі аппараттары қызметкерлерінен құралған команда І, аудандық полиция бөлімі ІІ, аудандық ішкі саясат, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімдері ІІІ орынды иеленді.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев мереке иелерін құттықтап, жұмыстарына толағай табыстар тіледі. Және осы салаларда аудан игілігі үшін аянбай еңбек етіп, елеулі еңбегімен ел алғысын алып жүрген мамандарды облыстық деңгейдегі алғысхаттармен марапаттады.
Сондай-ақ спартакиаданың жүлдегерлеріне диплом, медальдар мен сый-сыяпаттарын табыстады.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы