Шыңғырлау ауданында 3 наурыз күні өтетін Шыңғырлау ауылдық округі мен Ардақ ауылдық округі әкімдерін сайлауға дайындықтары, кандидаттардың үгіт-насихат жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Шыңғырлау ауылдық округі әкіміне сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың сайлауалды пікірсайысы тартысты өтті. Округ әкіміне сайлануға 3 үміткер кандидатурасын ұсынды. Олар Ардақ ауылдық округі әкімі Саида Бркенова, Шыңғырлау ауданы әкімі аппаратының бас инспекторы Біржан Ирманов, аудандық ветеринариялық станциясының директоры Досқанат Сағымбай.
Пікірсайыстың бірінші кезеңі кандидаттардың сайлауалды бағдарламаларын таныстыруларымен басталып, екінші кезеңде бір бірлеріне сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Тұрғындардың мемлекеттік бағдарламалар туралы, басшы болған жағдайда халықпен жұмыс жасауы, атап өткен жоспарларын орындау үшін атқаратын жұмысы бойынша қойған сұрақтарына үміткерлер тарапынан толық, нақты жауаптар берілді. «Басшының бойынан табылу керек қасиеттер», «Халық неге сізді таңдау керек?» деген сынды сұрақтарға үміткерлер «Халықпен жұмыс жасаған ұнайды», «Басшы бойында көшбасшылық, сенімділік, адалдық қасиеттері болу керек», «Басқару қызметінде бірнеше жылдық тәжірибемнің болуына байланысты, бұл істі бірден алып кететініме сенімдімін» деген жауаптар берді.
Округ бойынша 5615 сайлаушы тіркелген. Жалпы 8 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Алты учаске аудан орталығында, екеуі Шоқтыбай, Ұрысай ауылдарында.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz