10.12.2025, 9:30
Оқылды: 39

Шыңғырлау ауданында «Тамырлы тарих ізімен» республикалық ғылыми-практикалық шарасы өтті

Шыңғырлау ауылында халқымыздың көне тарихына арнал­ған маңызды мәдени шара – «Sarmatae: ежелгі қобдиша» кітап-альбомының тұсаукесеріне орай ұйымдастырылған «Тамырлы тарих ізімен» республикалық ғылыми-практикалық басқосу жоғары деңгейде өтті.

image-09-12-25-10-08

Алғашқы сөзді аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев алып:
«Бүгінгі басқосу – тек тұсаукесер ғана емес, өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір. Ұрпаққа мұра, елге аманат болар жәдігерлерді насихаттау жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын», – деп жиналғандарды құттықтап, шараның шымылдығын ашты.

image-09-12-25-10-08-1

Бұдан кейін Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының орынбасары Медхат Мұсаұлы Қамбетов құттықтау сөз сөйлеп, тарихи мұраны зерттеп, кеңінен танытудың маңыздылығына тоқталды.

image-09-12-25-10-08-8

Шара бағдарламасына сәйкес:
• «Жайық қалашығы» музей-қорығы археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Лұқпанова Яна Амангелдіқызы мазмұнды баяндама жасап, өңір тарихына қатысты маңызды деректерді ұсынды;
• Орта Азия артефактарын қалпына келтіру жөніндегі жетекші реставратор-ғалым, академик Крым Алтынбекұлы Алтынбеков пен Элина Крымбекқызы Алтынбекова тарихи артефактарды зерттеу, қалпына келтіру және жаңғырту бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті;
• Тарих ғылымдарының кандидаты, Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Манапова Алия Мерекеевна сармат дәуіріне қатысты тың деректерді таныстырып, кітап-альбомның жазылу және жинақталу ерекшеліктерін түсіндірді.

Жиын барысында «Sarmatae: ежелгі қобдиша» кітап-альбомының тұсаукесері өтіп, оның ғылыми-танымдық мазмұны мен құнды материалдары көпшілікке кеңінен таныстырылды.

image-09-12-25-10-08-6

Сонымен бірге зерттеушілер обадан табылған көне қобдишаны Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейіне ресми түрде табыстап, музей қорын бірегей жәдігермен толықтырды.

Шара соңында аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев арнайы шақырылған ғалымдарға және музей ісіне жанашырлық танытып жүрген бірқатар азаматтарға өңір мәдениетіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, оларды «Музей жанашыры» төсбелгісімен марапаттады.

Нұрғали Төлегенов
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале