Шыңғырлау ауданының «Дән» аталып кеткен елді-мекенінде бір уақыттарда балабақша ғимараты ретінде қызмет еткен ескілеу ғимарат 1990 жылдары мешіт боп ресми тіркеліп, Жаратқан Аллаға жақын жамағатқа рухани құлшылық орны боп біраз жұмыс жасады. Иә, бұл мешіт Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі ресми мешіт боп тіркеліп ашылған алғашқы мешіттер қатарында.

Шыңғырлау ауданының қадірлі қариясы Сапарғали Ердібеков молдалық қызмет атқарып, елді діни сауаттылыққа шақырып, жамағатты имандылыққа үндеген қадірлі орын болды бұл ара. Кейінірек ішінде жылу желісінің болмауына байланысты жұмысы тоқтап қалды. Сол рухани ғимарат қайта салынып, міне қолданысқа да беріліп жатыр.
Әр ауыл-аймақта «Алланың үйін» салу бұрыннан келе жатқан жол, ертеректе мұндай істі көбіне қожа-молдалар қолға алатын. Ел ішіндегі жағдайы бар қалталы азаматтар немесе көп болып бірігіп қарапайым көпшіліктің күшімен де салынып жататын.
Бұл жолы да осынау жұмысы жүрмей тұрған мешіт жағдайын елдің іскер азаматы Мерболат Тасмағамбет байқап жүреді екен, әкесі, ауданымыздың құрметті азаматы болған Алғали Бахтиярұлының мешіт жұмысын қолға алсаң деген аманатын да негізге ала отырып, мешітті қайта салдыруға ұйғарады. Жұмысы жүріп тұрған көлемді шаруашылығы бар азамат, жиені Әлібек Талдыбаевпен бірлесе отырып арнайы қаржы бөлдіріп, мешітті жаңа, заманауи үлгіде жасатып шықты.
Жаңа мешіт 80 адамға есептеліп, ерлер жағы, әйелдер бөлмесі боп бөлініп жасалған. Арнайы ғұсыл құйынып, дәрет алатын орны сырттан ойластырылып, бөлек салынған. Іші жылумен, сумен қамтылып, қызмет етуші жұмысшылар алынған. Айналасы абаттандырылып, қараса көз тоятындай ажарлы ғимарат боп жасалған.

Ашылу салтанатына аудан тұрғындары көптеп жиналды. Алдымен аудан имамы Әділхан Нұрбергенұлы құран аяттарын оқып, мешіт тарихы айтылып өтті, аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевке құттықтау сөз берілді. Халықты жұма күнгі ізгі жаңалықпен құттықтаған аудан басшысы құдіретті Алланың сауабы үзілмейтін ізгі істерді асыл дініміз арқылы адамдарға нәсіп етіп қойғанын айта келе, осы мешіттің салынуы да үлкен сауапты жұмыс екенін атап өтті. Жаңа орынның аудан жамағатын, жастарын имандылыққа, адамгершілікке, жақсылық пен сабырға шақыратын қасиетті орынға айналуына тілек тіледі. Мұндай құттықтаулар легі облысымыздың бас имамы, бүгінгі ашылу салтанатың арнайы мейманы Самат Қанатқалиұлы атынан да айтылды.
Мешітті салудың бас демеушісі және ұйымдастырушысы Мерболат Алғалиұлына, Әлібек Жұмаханұлына, құрылысты жүргізген Өзбекстан елінің азаматтарына, осы істің басы- қасында қыруар көмек көрсеткен ауыл азаматтарына алғыс хаттар табыс етіліп, сауапты іске жанашырлық көрсеткен барлық азаматтарға рахмет айтылды.

Әке аманатын адал орындап, ауылына «Алланың үйін» тарту еткен азамат Мерболат Алғалиұлы бұл жұмыстың бір өзі емес, өзі басқарып отырған «Жарас» шаруа қожалығының барша жұмысшыларына ортақ іс екенін айтады және барлық қызметкерлері, жұмысшыларына алғыс білдіріп, жемісті еңбек, отбасы амандығын тіледі.
Айбек Исламбеков, аудан тұрғыны:
- Ел ішінде жақсы істер көптеп жасалынып жатыр. Бұл көңіл қуантады. Міне, мешіт салынды, халыққа керек орын. Осындай балабақша, мектеп сияқты халыққа қажет нысандар көбейе түссе құба- құп әрине!
Нұрлыбек Қайыржанұлы, аудан тұрғыны:
Қоғамға имани тәрбие артықтық етпейді, көбірек адамгершілік өнеге, ұлтымыздың дәстүріне негізделген ислам тағлымы қажет, әсіресе енді бой түзеген жастарымызға керек бұл. Сондықтан мұндай рухани орындардың жаңаруы, көбеюі жақсы жаңалық!
Салтанатты жиыннан соң көпшілік мешіт ішіне бас сұғып, жаңа ғимаратпен танысты, осы жерде жұма намазы оқылып, жамағат құран аяттарына ұйыды.
Ауданымызда тіршілік қайнап жатыр, байқап жүрсеңіз бірнеше маңызды жерлерде жөндеулер жүріп жатыр, халықтың аса қажеті – «Шыңғырлау- Сегізсай» бағытындағы жол арасы қосылып, көлік қатынасы жеңілдей түсті. Ендігі жылдың еншісіне қалған 15 шақырымдық жол да жөнделіп, алдығы жылы аяқталады. Электр желілері шетінен жөнделіп келе жатыр. Елде мемлекет қолдауының аясында кәсіпкерлікке бет бұрып, өз ісін, кәсібін ашқандар көбейді. Яғни, мұның бәрі ауданымыздың бір орнында тұрып қалмай, алға жылжып келе жатқанының айқын көрінісі.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы