Шыңғырлау ауылында тұрғындар тарапынан көптен бері көтеріліп келе жатқан өзекті мәселенің бірі – тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұл бағытта кешенді іс-шаралар қолға алынып, қазіргі таңда нақты нәтижелер беруде.

Сурет: istockphoto.com
Бүгінде ауыл көшелеріндегі ескі ағаш бағаналар мен тозған сымдар кезең-кезеңімен ауыстырылып, жаңа темірбетон тіректер мен заманауи электр сымдары тартылды. Аталған жұмыстар жергілікті бюджеттен қаржыландырылып, мердігер мекеме тарапынан талапқа сай жүргізілді. Атап айтқанда, «БҚО Шыңғырлау ауданы, Шыңғырлау ауылындағы 0,4 кВ және КТПН-10/0,4 қайта құру» жобасы аясында 29,5 шақырым тозығы жеткен әуе желілерін жаңарту, 3 дана трансформатор орнату, 906 дана тозығы жеткен ағаш тіректерін жаңа темірбетон тіректермен ауыстыру, 466 дана светодиодты шамдар орнату жұмыстары жүргізілді. Мердігер - "Жайық Сити" ЖШС.
Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің тапсырмасына сәйкес, жаңғырту барысында қауіпсіздік талаптары, сапа, тұрғындарға қолайсыздық туындамауы сынды негізгі аспектілер жіті назарда ұсталды.
Жаңғырту жұмыстары тек техникалық жаңарумен шектелмей, сонымен қатар энергия үнемдеу мен тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету бағытында да жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. Көше жарықтандыру жүйелері де біртіндеп қайта орнатылып, кешкілік ауыл көшелерінің қауіпсіздігі арта түспек.
Ауыл тұрғындары атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіруде. «-Бұрын жел соқса жарық өшіп қалатын. Ескі сымдар жиі үзіліп, бағаналар қисайып тұратын. Қазір жаңарып жатқан тіректер мен сымдар көңілге сенім ұялатады», – дейді ауыл тұрғыны Дулат Нұртазин.
С. Өсәлім,
Шыңғырлау ауданы