27.12.2019, 11:53
Оқылды: 4

Шыңғырлау ауданының 89 пайызы ауыз сумен қамтылды

Жыл басын Әз-Наурызға телісек те, жыл қорытындысын желтоқсанда түйіндеп жатамыз. Доңыз жылын қазекем әуелден тоқ жылға балап, берекелі, молшылықты, тыныш өтеді деп топшылайды екен.

Тұрғындардың ауласындағы, шаруа қожалықтарындағы мал басы көбейіп, Шыңғырлау ауданының әлеуетін көтере түсуде. 7 бірдей шаруашылық асыл тұқымды ангус және қазақтың ақбас ірі қарасын өсіріп, мал басын түрлендіру жұмыстарын нақты жүргізіп келеді.

Әр жылдан тұрғындардың күтері де табысты еңбек, жайлы жағдай, соған икемделген жұмыстар ғой. Көгілдір отынмен толық қамтылған елді мекендердің ендігі мәселесі - су, жол жағдайы. Биыл Жаңакүш пен Ащысай ауылдары таза ауыз суға қосылды. Бұл жалпы аудандағы ауыз сумен қамту көрсеткішін 89 пайызға дейін көтерді. Күнделікті қолданыс көлеміне сай аудан орталығы мен жақын елді мекендерді ауыз сумен жеткілікті қамтып отыру үшін Ашықтоғай су көзін іске қосу жұмыстары жүрді. Алмаз және Ақтау ауылдарын ауыз суға қосу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар аяқталар болса, аудандағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 94 пайызға жетпек. Көрген жандар сөйлесін десек, біраз жыл бұрын бидон-шелегімізді арқалап, су тасушы көліктің соңынан жүгіретініміз көптің есінен, көздің алдынан кете қойған жоқ шығар. Ал, көктем шыға басталып, жаздан-күзге дейін бір толастамайтын отын дайындау жұмыстары ше?! Осының бәрі бірте-бірте жөнге келді. Қалай дегенде де қазіргі жағдайға өкпе айту аса орынсыз болар еді.

Бүгінгі таңда көпшілікті қуантып жүрген жайттың бірі-жол жағдайы. Аудан көшелері айдын жолға айналды, көлігіңе де, өзіңе де аса жайлы. Қалаға баратын қара жол да қамшы салдырмайды, асфальты тегіс, арынды көлік іркілмей жүре алады. Бірнеше елдімекен, біраз халықты бір жолдың бойына тізген Шыңғырлау-Сегізсай бағыты да жөндеуге ілікті. Алғашқы 12 шақырымы асфальтпен жабылып, 32 шақырым жөнделіп-ақ қалды.

Ауыл ішіндегі көшелердің жөнделуі көңіл көншітеді, көп көше қалалық сипатқа енді. Ауыл сыртын орап жатқан айналма жолдың да стандарқа сәйкес тас жолға айналуы орталық көшелердегі кептелісті едәуір азайтты. Ендіосынау жолдарды жөндеу жоспарына өзім тұратын, қария-қарттары көп, көнелеу көшенің бірі - Көкжайлау (Луговая) көшесі де іліксе деген өтінішімді жеткізгім келеді.

Мұқтаждарға үй кезең-кезеңімен берілуде. Жаңа үйлер салу жоспары да ауқымды. Жұмыспен қамту шаралары тоқтаусыз жүруде. Ауданда кәсіпкерлік ауқымы кеңейіп, жеке іс бастаушыларға нақты қолдау бар. Жаңа сауда орындары ашылуда.

Қаршыға Елемесов

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале