24.09.2018, 17:45
Оқылды: 65

Шыңғырлау ауданының 90 жылдығы тойланды

Шыңғырлаулықтар ауданның 90 жылдығын атап өтті.

IMG_7991

Аудан күні мерекелік шара жаңадан ашылған музейден басталды. Алдымен «Туған жерім-Шыңғырлау» атты деректі фильмні көрсетілді. Бейнефильмде ауданның тарихы мен экономикалық даму үрдісі, батырлары мен билері, аңыздар, өткен мен бүгінгі күн көрініс тапқан. Фильмнен соң «Шыңғырлау» атты аудан өміріне арналған кітаптың тұсауы кесілді. Аудан тарихының жанашыры Қуаныш Есенов кітаптың әр бөлімдеріне тоқталып, әр тараудың мазмұны мен мәнін саралап айтып берді.

-Біз фильм мен кітапты жасақтау арқылы өткен өмірімізге құрметпен қарап, келешекке сенімді қадам басуды мақсат еттік. Ауданымыздың жарқын болашағы үшін қос туындының әсері құнды болатынына сенімдіміз,-деді аудан әкімі Альберт Есалиев.

Мереке ипподром аумағында жалғасын тауып, аудан әкімі  Альберт Темірболатұлы жерлестерімізді айтулы күнмен құттықтады. Мереке қарсаңында еңбекте озат, жылдар бойы ауданымыздың өрлеуі мен өсуіне үлестерін қосып жүрген, түрлі салада жетістікке жеткен жерлестерімізді арнайы номинациялармен марапаттады. Сонымен қатар көршілес  Ресей елі мен ауданымызбен көршілес Хобда мен Қаратөбе аудандары, Тасқаладан  делегация келіп қуанышқа ортақтасты.

Аудан мерекесіне келген қонақтар аламан бәйге-ат жарыс, қазақша күрес, қыз қуу, жерден теңге ілу, аударыспақ сияқты ұлттық  спорттық  ойын  түрлерін тамашалады.

            Мерекенің көркін қыздырған дала қызықтарында жерлестеріміз бәйгені асыға күтті. Тұлпарлар биыл тай жарыс, тоқ бәйге, аламан бәйгеге түсті.

Ұзақтығы 6 шақырымға болған тай жарысқа Ақтөбеден, Ресейден, облысымыздың басқа да аудандарынан келген сәйгүліктер жарыс жолына шықты. Екі айналымда да  жүйріктер арасынан ақтөбелік Нұрлыбек Балымбеттің  «Дастархан» есімді тайы бірінші келсе, «Жалау» есімді тайы екінші орынға шықты. Үшінші орынның жүлдесі жалпақталдық Нұрболат Әдиетовтің «Дагестанскийына» бұйырды.

Тоқ бәйгегеде кезек келді. Жүйріктер жарысы қыза түсті. Барлығы 12 шақырым. 4 айналым. Соңғы айналымда 13 аттың 3-уі озық шығып, алдыңғы лектен көрінді. Алма-кезек алға ұмтылған арғымақтардың арасынан бірінші болып сырымдық Мұқтар Шөлеровтың «Падишасы» келді. Екінші, үшінші орындар бөрлілік Нұрболат Жиреншиевтің «Қарагері» мен қаратөбелік Кәдірберген Исақұловтың «Барбарасына» бұйырды.

Халық асыға күткен 24 шақырымдық аламан бәйгеге 12 жылқы жіберілді. Сәйгүліктер 8 айналымның соңына дейін жарыс көрігін қыздырды. Бас жүлдені шыңғырлаулық Талғат Бисенбаевтың «Қызыл жұлдыз» атты сәйгүлігі иеленді. Жарыстың басынан-ақ алдыңғы топта болған Елдар мінген тұлпар мәре сызығын қиды. Екінші орынды ақтөбелік Серік Қосжановтың «Нұрқасқасы», үшінші орынды атыраулық Нұралы Жексеновтің «Ағатайы» иеленді. Айта кетейік, аламан бәйгенің бас жүлдесіне 1 миллион теңге ақшалай сый берілді.

Дала қызықтарына жиналған халық қошақан және қой көтеру сайсына қатысты. Спорттың бұл түрі ептілік пен күш–қайраты аса қажет етеді. Жарыста ортаға 35 келілік қой әкелініп, жүлдеге тігілді. Ортаға шығып қой мен қошақанды иықтарына салып көтерген жігіттердің қатары көбейген сайын да жарыс қыза түсті. Қой көтеруден алмаздық С.Жантуринов 158 рет, ал қошақан көтеруде 14 жасар С.Жасқайратов (Ақшат) 80 рет көтеріп, жеңімпаз атанды.

Мерейлі мерекенің сәнін ұлттық ойындар кіргізді. Әсіресе, қазақ күресі. Оған Ақтөбе облысынан, Бөрлі мен Шыңғырлау аудандарынан балуандар қатысты. Балуандардың белдесуінде жауырыны жерге тимей «Түйе балуан» атағын және жүлдеге тігілген түйе малын ақтөбелік Д.Темірханов ие болды. Тағы бір ақтөбелік балуан Ш.Шоқпытов II орын және 50 мыңдық, III орынды және 30 мындық сертификатты  алмаздық О.Сүлейменов алды.

Көкпарға шыққан ойыншылар да көрерменге тартысты ойын сыйлады. Ойын нәтижесінде I орынды Зеленов ауданы, II орынды ұлттық спорт командасы (Орал), III орынды Шыңғырлау ауданы еншіледі. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен ақшалай сертификаттармен марапатталды.

            Дүбірлі той аудан өнерпаздарының концертімен аяқталды. Туған жерге тағзым етуге ауданнан түлеп ұшқан өнер иелері арнайы келді. Алдымен халықтық «Торыатбасы әуендері» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Абайдың «Торы жорғасы» ойналып, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің домбыра кафедрасының ұстазы, профессор Орынбай Дүйсенов әсем күймен жалғады. Сонымен қатар 40 жыл тарихы бар, 1979 жылы Мәскеуде съездер Сарайында өнер көрсеткен, І-ші Бүкілодақтық байқаудың лауреаты, Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің «Арай» вокалды аспаптар ансамблінің алғашқы құрамы өнер көрсетіп, халықтың қошеметіне бөленді.

Әлия НҰРЛЫБЕКҚЫЗЫ,

Шыңғырлау ауданы

DSC_0461 DSC_0678 IMG_7970 IMG_8481 IMG_8492 IMG_8517 IMG_8546 IMG_8610

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале