12.02.2025, 16:00
Оқылды: 249

Шыңғырлау ауданының әкімі кәсіпкерлермен кездесті

Шыңғырлау ауданының басшысы Мұрат Өмірәлиев аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Жүздесу еркін форматта, ауылшаруашылық, азық-түлік өнімдерін өндіру, сондай-ақ халықты түрлі өнімдермен қамту саласындағы және жалпы кәсіпкерлікті жүргізудегі түйткілді мәселелер, жаңа ұсыныстар тұрғысында өрбіді. Кәсіпкерлікті ұлғайту, жергілікті өнім алушыларды көбейту, өндіру мен тұтыну аясын кеңейту туралы сауалдар қойылып, ортақ мәселеге ой бөліскен отырыста ауданды өз өнімдерімізбен қамту мәселелері талқыланды. 

475471115_2056214764790281_8562347039333805849_n

Барлық кәсіпкерде бір мақсат - өз өнімдерінің өтімділігін арттырып, ісін дөңгелету. Ал басшылықтың басты мақсаты тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін кәсіп иелеріне қолдау көрсету, жағдай жасау. Олардың ортақ миссиясы – ауданды өзіміздің өнімдермен қамтамасыз ету. Осы мақсатта өткен басқосуда аудан әкімі кәсіпкерлерден қажеттіліктері жайында сұрап, шешімін таппай жүрген мәселелерін түртіп алды. Сондай-ақ шағын кәсіптерді кеңейту үшін дайындалған мемлекеттік бағдарламалар бойынша да сөз қозғады.

Ауданымызда ауылшаруашылық саласы жақсы дамыған. Олай дейтініміз, мал өсіріп, сүт, ет өнімдерін сатылымға шығарып сырттан келетін өнімдердің қажеттіліктерін азайтып келеді. Ендігіде нан өнімдерін тыстан алдырмай, өзіміздің ауылдық өндірістің өнімдерімен ауданды толық қамту жоспарға қойылды.

Шикізатты өзіміз дайындап, оны өңдеуге неге сұраныстың жоқтығы да сөз болды. Қарапайым қой жүнінен жасалатын өнімдерді мысалға келтіре отырып, қой қырқатын аппарат алып, ауыл қойларын қырқып бір пайда, одан шыққан жүндерді өңдеп, өнімге айналдырып екі пайда табуға болатынын жеткізді аудан басшысы. Расымен де шикізатты дайындау, оны өңдеу мен өнімді өндіру де өзімізден болса, аудан экономикасы одан сайын дами түспек.

Өңірдің кей аудандарындағы тың идеяларды іске асырып жатқан кәсіпкерлермен қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып, ауданымыздың кәсіпкерлік саласына жаңа серпіліс әкелуге ұсыныс тастады басқосуға қатысушылар. Бәрінің илеп жүргені бір терінің пұшпағы болғандықтан иық тіресе жұмыстар атқаруға келісті. Аудан басшылығы да, кәсіп иелері де жаңа жылға жаңа ұмтылыспен кірісті, енді жақсы нәтижелерге бірлесіп жетпек.

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале