Шыңғырлау ауданының дамып-жетілуінде талай жүздеген - мыңдаған адамдардың еңбектері бар. Сонау ақтабан шұбырынды заманынан бастап, талай тоқырау жылдарында да бас көтерер елдің азаматтары елімізді, жерімізді де сақтап, мынау жарқын өмірге алып келмеді ме? Қандай қиын-қыстауды да бастан өткерген сайын, шыңдалған халық тек алға ғана ұмытылып, ынтымақ пен бірліктің, тынымсыз тірлік, өлшеусіз еңбектің арқасында мына бейбіт те мамыражай күнге жетіп отырмыз.
Осы жылдар аралығында ауданымыздың өркендеуіне, дамуына үлес қосқан жандар қашанда, қандай да құрметке лайық жандар деп танимыз. Осындай азаматттың бірі Салахатдинов Бақытжан деп білеміз. Сабырлы мінезімен, білім-біліктілігімен, адамгершілігімен көп алдында үлгі болған ақсақал бүгінде Орал қаласында тұрады. Жерім, елім деген патриоттық сезіміне селкеу түспеген қарияның айтары көп, еңбегі елеулі. Қалада тұрса да туған жерінің барлық жағымды жаңалықтарына сүйсініп, ауылдастарына, жастарына батасын беріп, сондай-ақ ауылдан үнемі хабар-ошар алып тұрады.
Ақсақалдың өмірі жолын сараласақ, ол 1931 жылы Шыңғырлау ауданының Қарақай ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы кезінде еңбекке ерте араласып, ұжымшар даласында қолдап жұмыс істеген. Кейін бригада есепшісі, ауылдық кеңестің хатшысы, ал 1946 жылдың шілде айынан аудандық партия комитетінің техсекретары болып еңбек еткен. Көп жылдар бойы аудандық, облыстық комсомол комитеттерінің бөлім, сектор меңгерушісі болған. Өзінің іскерлігі, адамдармен тіл табыса білуі, жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуі арқасында айналасына сыйлы болған.
Жастық жігері, қандай жұмысты да игеріп кету қабілетін байқаған басшылық оны 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру жұмыстарының басталуына байланысты Жәнібек ауданына комсомол комитетін басқару жұмысына жібереді. 1958 жылға дейін абыроймен еңбек етіп, кейін туған жеріне оралады. Келісімен қиын да қауір жұмыстардың басы -қасында болып, партиялық, кеңес беру жұмыстарында көзге түскен.
Бақытжан Қонысбайұлы 20 жылға жуық мерзімінде Шыңғырлау нің жалпы бөлім меңгерушісі міндетін атқарып келді. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ауылдық, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін атқарған. Жастарға ақыл-кеңесін беріп, басшылықтың да мәселелі тұстарды шешу ісіне атсалысып, көмегін беріп отырған.
Бақытжан Салахатдинов атамыз «Серпін» газеті шыға бастаған алғашқы күндерден-ақ оның жұмысына белсене атсалысып отырған. Талай мәрте ауданның мәселелі тұстарын үнқағаз бетінде көрсетіп, оның шешілуіне де ат салысқан. Халықтың ой-пікірлеріне мін беріп, тиісті тұстарын жиындарда талқыға да салған. Ақындыққа жақын жанның газет бетінде «Торыатбас», «Қос қыран» (Әлия мен Мәншүк туралы) т.б. ойлы өлеңдері жарық көрді. Өлеңдері «Орал өңірі», «Жайық үні» газеттерінің әдеби беттерінен ойып орын алып отырды.
Шежіре қарттың айтары көп, ата-анасы қарапайым еңбек адамдары, колхоздың барлық науқандық жұмыстарын атқарған, ақ-адал адамдар болған. Атасы Салахатдин болса бай-бақуатты болған, әйтсе де елсүйгіш қасиеті бойына біткен азамат қын-қыстау кезеңде қолындағы барын аяқтан жаңа тұрған Үкіметке өз еркімен көмекке берген. Аш-жалаңашты жарылқаған. Ал соғыс басталғанда фронтқа деп алғаш жылу жинаған да өзі болған. Қасқыр ішіктерін, тондарын, пималарын соғыс даласында шайқаста жүрген жауынгерлер кисін деп өз қолымен әкеп, вогонға тиеген. Сөйтіп жеңісті жақындатуға өзінің де сеп болғанына риза болыпты.
Тың игеру жылдары Б.Салахатдинов Қазақстан Орталық комсомол комитетінің мүшелігіне сайланып, Кремльде өткен Бүкілодақтық слетке делегат болып қатысқан. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Бұл да абыройлы ақсақалдың еңбегі, аудан үшін жасаған қызметтерінің арқасы деп білеміз.
Ақсақал шыңғырлаулықтарға әркез ақ тілегін арнап, аудан гүлденсе, өркендесе бұл біздер салып кеткен сара жолдың дұрыстығы, ал ауданның дамуы сіздердің еңбектерініңіз деп айтудан жалықпайды.
Ақсақалға денсаулық, амандық тілейміз, осындай ел ағаларының еңбектері елене берсін дейміз!
Айсұлу Амангелдіқызы,
Шыңғырлау ауданы