9.04.2024, 16:15
Оқылды: 63

Шыңғырлау ауданының Елек бойында орналасқан елді-мекендері жіті бақылауда

Елді-мекендерге тосын келген тасқын сумен күрес жалғасып жатыр. Қазір Шыңғырлау ауданының Елек бойында орналасқан елді-мекендері жіті бақылауда. Әсіресе, Ащысай ауылдық округі орталығы Ащысай ауылына ентелеген судың бетін қайтару басты жұмыс боп тұр. Себебі, аудан аумағы бойынша теңіз деңгейімен есептегенде ең төменгі деңгейді осы Ащысай  ауылы көрсетіп тұр. Тіпті, осы маңдағы Мырзағара мен Талдысай елді-мекендері де Ащысай ауылынан сәл биік орналасқан дейді мамандар.

WhatsApp Image 2024-04-09 at 12.28.33

Ащысайға су әлі кірген жоқ. Алайда ауыл іргесіне келіп іркіліп тұр. Ауыл шетіндегі үш үйге тым жақын. Қазіргі таңда Төтенше жағдай бойынша құрылған арнайы штаб осы жағдайды барынша бақылауда ұстап, суды бөгеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сәуір айының 8-жұлдызында Ащысай ауылына 1 тиегіш және 1 эксковатор техникалары апарылып, су жолына жал топырақ үйді. Су жақындап тұрған үйлерді орағыта үйілген жал топырақ су деңгейі көтерілген жағдайда да су өткізбеудің кепілі боп отыр. Бұл жұмыс бүгін де жалғасуда. Ауыр техникалардың бірі «Дән» ЖШС-нен, екіншісі «Жәрдем» шаруа қожалығынан келіп жұмыс жасап жатыр. Округ әкімі қиын шақта кідірмей келіп көмек-жәрдем жасап отырған осы кәсіпкер азаматтарға, аудан басшылығы мен ауыл тұрғындарына, еріктілер мен аудан бөлімдері ұжымдарына алғыс білдіреді.

WhatsApp Image 2024-04-09 at 12.28.32

Айта кетсек, су көтерілген оншақты күннен бері күндіз-түні жұмыстар жасалып, мың қаптың үстінде құм толтырылып, су жолына қаланған. Қауіпке байланысты жергілікті әкімшілік қызметкерлері, ауыл тұрғындары, аудан әкімінің орынбасары М.Нұртазиевтің тікелей басшылығымен кезекшілік қойылған.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале