Шыңғырлау аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының «Өнердің ордасы – Шыңғырлау» атты есептік концерті өтті.
Мәдениет үйінің залы көрерменге лық толып, халықтың ыстық ықыласымен жігерлене түскен өнерпаздар өте жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Есептік концертте мәдениет үйінің қызметкерлері, үйірмелер мен халықтық және үлгілі атағы бар ұжымдардың жыл бойына атқарған жұмыстары көрсетіледі.
Биылғы жылдың қорытынды бағдарламасы шыңғырлаулықтардың көңілінен шықты. Театрландырылған көрініспен шымылдығы ашылған концертте ән айтылып, күй шертіліп, би биленді. Кеш ортасында жаңа, ерекше форматқа ауысып, көрерменді таң қалдырды.
Көпке белгілі заманауи, хит әндерді, сондай-ақ жерлестерінің авторлық туындыларын орындаған өнерпаздардан халық кошеметін аямады.
Айта кетелік, осындай шаралар 7-20 қараша аралығында Шыңғырлау ауданының барлық ауылдық округінде берілген болатын. «Ел іші – өнер кеніші» атты қорытынды кештердің басын Алмаз ауылдық клубы қызметкерлері бастап, Дән ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздары аяқтады.
Осылайша ауданның барлық мәдениет ошақтары тұрғындарға арнап есептік концерттерін өткізді.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы