Өнерлілердің шығармашылық жетістіктерін анықтау және өзіндік ерекшеліктері бар шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушыларды қолдау, сондай-ақ, мәдени мұрамызды дәріптеу, соның ішінде терме, күй туралы кеңінен насихаттау мақсатында Шыңғырлауда мазмұнды шара оздырылды.
Аудандық білім беру бөлімінің қолдауымен өткен бұл шарада білім беру саласындағы еңбек етуші қызметкерлер арасында сайыс түрінде өтіп, небір таланттылар анықталды.
Өнер сүйер қауым жиналған аудандық балалар саз мектебіндегі бұл аталмыш шараны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов құттықтау сөзімен ашты.
Оған саз мектебінің зейнеткер ұстаздарыда қатысып жылы лебіздерін арнады. «Ұлы дала мұрасы» атты фестивальді ең алдымен саз мектебінің оқушыларынан құралған оркестр ашып, оркестр орындауында Абайдың «Торы жорға» күйі қалықтады. Халық әні «Арбаны» да көрермен сүйсіне тыңдады.
Фестивальде терме тарихы, орындау шеберліктері туралы да айтылды. Сайыскерлердің жарыса орындаған небір түрлі күмбірлеген күй, әсем сазбен шалқыған ән кернеген фестиваль жиналғандарға көтеріңкі көңіл сыйлаумен қатар ұлтымыздың қасиетті қара домбырасы мен төркіні тереңде жатқан асыл мұра-термелердің сырын тағы бір ұқтырғандай, тыңдаушыларын табындырғандай болды.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz