Шыңғырлау ауданы 15 ақпан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуын ауқымды түрде атап өтті. Ауған соғысы ардагерлерін құрметтеу, үлгі ету мақсатында аудан бойынша ұйымдастырылған барлық шараға жастардың қатысуы қамтамасыз етілді.
Отан алдындағы парызын сезіндіріп, азаматтық борышын абыройлы өтеудің маңыздылығын жастар санасына сіңіру басты назарда. Осы орайда ауданымызда өткізілген шаралардың бірі – әскери-патриоттық сапқа тұру және пневматикалық мылтықтан оқ ату байқауы.
Бұл шараға Шыңғырлау ауданының құрметті ардагерлері қатысып, жас буынға әскери борышын өтеу кезіндегі естеліктерін айтып, ақыл-кеңестерін беріп, ақ тілектерін білдірді. Сондай-ақ жастардың әскери машықтарын байқады. Алдымен әскери-патриоттық сапқа тұрып, кейіннен пневматикалық мылтықтан оқ ату байқауы өтті.
Аудандық Л.Қылышев атындағы және Шыңғырлау жалпы орта білім беретін мектептерінің, және Ақбұлақ ауылдық округінің Тасмола мектебінің оқушылары мен Шыңғырлау колледжінің студенттері жарысқа қатысты. Автоматты уақытқа жартылай бөлшектеп, шашып-жинаудағы жылдамдықтары қаралды. Пневматикалық мылтықтан оқ атуда, мергендер анықталды.
Сайыс соңында бірнеше тапсырмалардан сүрінбей өтіп, тамаша дайындықпен келіп, жақсы нәтиже көрсеткен үздік ойыншылар марапатталды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz