Елімізде дәстүрлі түрде қарашаның үшінші жексенбісі Ауылшаруашылық қызметкерлерінің мерекесі атап өтіледі. Осы орайда, облыс әкімі Ғ.Есқалиев Орал қаласында облыс көлемінде ауылдың дамуына үлес қосып жүрген мамандармен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар шаруашылық басшылары мен ұйымдастырушыларын, түрлі аталымдар бойынша шаруашылық қызметкерлерін марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың бірі, жерлесіміз Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шыңғырлау аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Сайын Досқазиев Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды. Саналы ғұмырын ауылшаруашылық, соның ішінде ветеринария саласына арнаған Сайын Төлегенұлы аудан көлемінде мал шаруашылығының дамуына зор үлес қосып келеді.
Мерекелік шарада Ақтау ауылдық округінің малшы, шопаны Жұбан Сарузенов облыс әкімі Ғ.Есқалиевың қолынан «Үздік шопан» аталымын алды. Төрт түліктің «тілін» біліп, еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында жұмысында жоғары көрсеткіштерге ие болған Ж.Сарузенов қандай да болмасын құрметке лайық.
Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайының алға басуына үлес қосатын жандар көп болғай!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz