Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде ерекше балаларға арналған тағы бір жаңажылдық кеш өткізілді.
Аудан орталығынан, Ақбұлақ, Алмаз, Ақтау, Ақшат, Ащысай, Ардақ, Ұрысай, Жаңакүш сында бірқатар елді-мекендерден келіп, бас қосқан балақайлар бірге өткен жасыл шырша мерекесіне аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев те қатысты.
Мерекелік көңіл-күймен шаттанған бүлдіршіндерді, олардың ата-аналарын Жаңа жыл мерекесімен құттықтаған аудан басшысы балаларымыздың үлкен байлық екенін, оларды аман өсіру, лайықты білім беру, олардан болашақтың лайықты иелерін өсіріп шығару ата- аналардың, қоғамның, мемлекеттің міндеті деп атап өтіп, Жылан жылы жақсылығымен келсін деген тілек білдірді.
Балаларға арналып дайындалған мерекелік бағдарлама бәрінің көңілінен шықты. Әсем киінген бүлдіршіндер ән айтып, шырша шамын жағып, оны айнала би билеп, Аяз атамен Ақшақарға өнерлерін көрсетіп, тәттілер мен сыйлықтарын алып, мәз болысты. Сондай-ақ, балалар халықтық «Шаңырақ» театрының «Қошқар мен теке» қойылымындағы кейіпкерлермен бірге ертегі әлеміне саяхат жасап қайтты.
Аудан басшысы 32 бүлдіршінге аудан әкімдігінің, ұйымдастырушылардың арнайы дайындаған жаңажылдық сыйлықтарын табыс етті. Шат-шадыман балаларын көріп ата-аналар да риза болды.
Балалар – ата-ананың ет-жүрегі, адам тіршілігінің қозғаушы күші.
Жас деңгейіне қарамастан, үлкен де, кіші де үмітпен күтетін, әсіресе балалардың сүйікті мерекесі – Жаңа жылдың қарсаңында өткізілген әдемі кештердің бірі болды. Мерекелік кештегі көңілді күй, көз тартар безендіру мен тамаша сыйлықтар балалардың көңіл-күйін одан сайын көтере түсті.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы