Шыңғырлау аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ауданымыздың «Құрметті азаматы», Социалистік Еңбек Ері Манат Бақытұлы Ержановты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында дәстүрлі қалааралық ашық турнир өз мәресіне жетті.
Турнирге Ақтөбе, Ақтау, Орал, Ақсай қалаларынан және Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандарынан барлығы 7 команда қатысып, 9 салмақ дәрежесінде 80-ге жуық былғары қолғап шеберлері айшықты ойын өрнегін көрсете білді. Бір ерекшілігі былғары қолғап спортшылардың қатарында нәзік жанды арулардың бақ сынасуы көпшілікті таң қалдырып, тамсандырды.
13 жасар жарысқа қатысушы Мұрат Ақнұр: «46 салмақ дәрежесінде финалда оралдық боксшымен бәсекеге түсіп, жеңіп шықтым. Жалпы бокс спортына келгеніме 1 жылдай болды, бапкерім Шыңғырлау ауданының «Құрметті азаматы», спорт ардагері А.Пятин. Аудан намысын қорғап, жеңіске жеткеніме, жаттықтырушымның үмітін ақтағаныма қуаныштымын»,-дейді жас спортшы.
Үш күнге созылған жарыс нәтижесіне сай барлық жеңімпаздар «Жарас» ШҚ-ғы атынан диплом, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz