Шыңғырлау ауданында КСРО спорт шебері Еділ Ишекеновты еске алуға арналған бокстан 2011-2012 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында ашық Республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Аталмыш турнир ауданда 31 рет өткізіліп отыр. Елдің түпкір-түпкірінен 21 команда, жалпы 240-қа жуық жас спортшы келіп, қатысуда. Бұл турнир 4 қазанға дейін жалғасып, нәтижесі сол күні белгілі болады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, жас спортшылардың боксын тамашалады.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар 4 күнге созылатын тартысты турнирдің демеушілеріне алғыстарын жеткізіп жатты.
1978 жылы бокспен шұғылдана бастаған Еділ Ишекеновтың бойынан бірінші бапкері Александр Пятин осы спортқа дейінгі бейімділікті, ашыла қоймаған шеберлік пен талантының бар екенін алғашқылардың бірі болып байқайды. Еділ осы талантының арқасында Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген бапкері Александр Драчтың шақыртуымен 16 жасында Маңғыстау облысы Ақтау қаласына кетеді. Ақтау қаласында мектепті аяқтап, Санкт-Петербург қаласындағы Лесгафт атындағы дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Еділ Хамидуллаұлы 1987-1988 жылдары КСРО кубогінің финалына екі мәрте қатысқан, Польша және Болгария мемлекеттерінде өткен ірі халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. 1987 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының спорт шебері атағына ие болды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы