«Жау жоқ деме, жар астында» дейді қазақ. Халықтың ой-көкірегінде қайнап пісіп, өмірден түйгені ғой. Әбден жаны бар сөз! Жасанған жау күтетін заман емес, алайда жиғаныңды шашып, тынышыңды кетірсе жау емей немене?
Сурет: pixabay.com
Әңгіме тағы да өлшеусіз өсіп, саны шектен шығып кеткен – бұралқы иттер туралы. Қараусыз аш иттердің тым көбейіп кеткені туралы бұған дейін де жазған едік, тұрғындардан түскен арыз-шағымдардан соң бір дүркін рейд жүріп өтіп, біраз бұралқы ит ауланған. Тиісті мекемелерден «бүгінге дейін 70 ит ауланды» деген жауап та келген.
Алайда әбден көбейіп алған, әркімнің ауласына түсіп азуына қан тиген иттердің азары тоқтайтын емес. Аудан орталығының Елек жақ бетіндегі бірнеше үйден 30-ға жуық қойды, 40-тан аса тауық, 10 шақты қазды қырған, жаралаған иттердің дабысы басылмай жатып, шойын жолдың арғы бетінде жатқан «Дән» ауылынан мал шығыны шығып жатыр. Осы аумақта тұратын А.Усманғалиевтың үш қойын жарып кеткен деген хабар тиді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, орталықтың шеткі көшелері, ауыл айналасындағы орман жолақтары осындай иесіз иттердің мекеніне айналған. Аудан орталығына келетін жолдар бойы, әсіресе Шыңғырлау-Сегізсай бағытындағы жолдың Ұрысай-Шыңғырлау арасы адамдардың күшіктер мен марғауларды тастап жүре беретін орнына айналған. Осы жерлерден өсіп шыққан иттер тамақ іздеп ауылға кіріп, төрт түлікке шабуылды көбейткен.
Заты аң емес пе, кәнігі ит-құстай әдеттеніп, адамдардың талмау таңғы ұйқы тұсындағы сәтін пайдаланып, көрінбей, білдірмей келіп мал шығындауға дәндеген.
– Қазір ХПП аумағы құс ұстауды қойдық. Бәрібір иттер қырып кете берген соң үміт үзілді. Құзырлы мекемелерге айтып та, жеткізіп те жатырмыз. Менің шағымымнан кейін рейд жасалып, біраз итті аулады. Көшелерде босып жүрген 20 шақты ит ауланды. Бірақ олардың ішінде шабуыл жасап жүрген кәнігі «қарақшы» иттер жоқ, яғни, мәселе мұнымен бітпейді деген сөз. Сонда бізге қайтпек керек. Қазір малымызды түн баласы күзетіп жүрміз. Заңға сәйкес, жануарларға гуманды көзқарас керек шығар, бірақ ақ-адал еңбек, маңдай терімізді қырып кетіп жатқанда да қайрансыз қарап отыра береміз бе? Бұл қалай сонда? Мұндай халықтың қалауына, біздің елдің менталитетіне келмейтін заңды қайдан шығарады? Мен осыны түсінбеймін. Бұл қалаға жарайтын заң шығар. Шаруашылық ұстамайды, қаз-үйрек, мал бақпайды олар. Ал біздің шаруашылығымыз бар, ертең балалар таң қараңғысында мектепке шығады, түн қараңғысында мектептен келеді. Адамға жүгірген иттердің ырылын күнде естіп жатамыз... Ертең сол иттер балаларға шабатын болса, мұның қай жерінен гумандылық, жануарларға салауатты жанашырлық көріп тұрсыз..? Ит ұстағандар мен оларды өсіріп, күшіктерін шұбыртып қаңғытып жіберетіндерге неге жауапкершілік күшейтілмейді? Олардың обалы қайда? Күшіктерін далаға тастайтын болсаң, ұрғашы итті ұстап не керек? Қарапайым нәрсені неге түсінбейді адамдар. Ит болған соң көбеймей тұрмайды, белгілі нәрсенің неге алдын алмасқа?, - дейді А.Усманғалиев.
Үш қойын өлтіріп, қалған 14 бас қойын жарақаттап кеткен Марат Бәйменов жаралы қойлардың түбі мал болмайтынын айтып отыр. Шетінен әлсіреп, жүдеп кеткен малдың жарақаты жазылмай жүр дейді. Күнделікті ем-домның да пайдасы болмай тұрған секілді.
– Бұл иттер Електің жағасында ұя ұстап, жылда күшіктеп жүрген иесіз дала иттері. Өздері 4-еу. Бір көкшіл қаншық ит, тағы бір көк түстес пен бір сарыала кәдімгі аңшы тұқымдас иттер. Бір ересек күшік те бар. Биыл су көтерілгесін олар ауылға кеп кірді. Былтыр менің екі қойымды, көрші Күміс апайдың бір қойын, бақташы В.Дмитриенконың екі бұзауын жеп кетті. Биыл тағы малға шауып жүр. Ұясын тауып алғам, шашылған мал сүйектерінен көрінбейді ұялары... Ауылдағы бірнеше аңшы жігіткеде айтқам, көршілергеде айттым, ешкім шыға қоймады. Міне енді сол салғырттық алдымыздан шығып отыр. Мен оларды көзіммен көрдім. Менен басқа біздің көшенің тұрғындары А.Алматов, С.Утебаев, В.Дмитриенколар да таниды ол иттерді. Қойыма шапқанда біраз қуалап көргем, қайда кіретінін де біліп алғым келген, онымен құр қол адамға ұстата ма олар... Өткенде газеттен суретін көрдім бір қаншық итті құлатқан екен. Ол ішіндегі топ бастар басшысы еді... Қалғандары жоқ! Осы иттерге шара қолдануын өтініп талай айтып келеміз. Алайда нәтиже жоқ. «Жануарларға жанашырлықпен қарау туралы» заңды жалау етіп алған. Тиюге болмайды деген сылтауы және бар. Халыққа еш пайдасы болмай жатыр. Сонда олар қолдағы малды жеп бітіруі керек пе?, - дейді ашынған мал иесі Марат Бәйменов.
Қазір бұралқы иттердің малға тұс-тұстан тиіп жүргені байқалады. Ұрысай ауылына барар жолдағы орман жолағынан шығатын иттер де Ақсұғым мен «Дән» ауылын торып, құсы мен малына шауып жүр екен. Жергілікті тұрғын Саламат Абдуғалиев сол үш иттің ауыл тұрғынының бір қойын жарып кеткенін көрген. Яғни, иттерді танитын адамның бірі.
Аудандық ветеринария мамандары жыл басынан кешегі маусым айына дейін 64 ит, маусым-шілде айларында 75 ит аулаған. Қазір көшеде күнделікті күндіз және кешкі уақытта иттерді ұстауға арнайы машина жүр дейді.
– Атып жатырмыз дейді, бірақ ит азаймайды. Өткенде бір шығыпты иттерді аулауға, сонда солардың біреуін құлатқан екен. Басқасы көрінбейді. Былтыр жаз бойы азарды көрдік сол иттерден. Малды ту-талақай қылып қуады да жүреді. Біздер көше тұрғындары боп ақша жинап, иттерді атуға адам да жалдап көріп ек, олар да таба алмай қойды сол иттерді. Көпшілік боп шығуға бәрі заңнан да қорқады, атуға ешкім шықпай тұр. Ал ит болса малға тыным бермей жатыр. Ауылда тұратын, мал ұстайтын, құс өсіретін қазаққа келмейтін заңды қалай шығарады. Осы түсініксіз, - дейді ауыл тұрғыны С.Утебаев.
Жалпы көбейіп алған иттер ауыл ішінде де, айналадағы орман жолақтарында да, ескі ғимараттарда да өріп жүр. Сол жерлерді мекендеп, меншіктеп алған. Түн баласы ауылды шулатып, қасқырша шапқан қандыауыздарға көрсетер қайрат аз боп тұр бізде. Кедергі біреу-ақ. Ол – әлгі 2021 жылы 30-желтоқсанда шыққан № 97-VІІ ҚР «Жануарларға жанашырлықпен қарау туралы» Заң.
Үй жануарларын өсіретін, ұстайтын адамдардың жауапкершілігін арттыруды көздеген бұл Заңның, басқа жағдайларды қарастыратын тармақтары бар. Өткен жолы жазғанымыздай тағы да нақты көрсете кетейік, осы Заңның 9-бабының («Жергілікті атқарушы органдардың жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы құзыреті») 6-тармағында жергілікті атқарушы органдардың қаңғыбас жануарлардың санын реттеуді ұйымдастыруы көзделген. Сондай-ақ, 15-баптың 4-тармағында «жануар (жануарлар) адамға, жануарларға шабуыл жасаған жағдайда және (немесе) жануарлар адамның, жануарлардың өміріне немесе саулығына, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіретін өзге де жағдайларда жансыздандыруға жол беріледі» деп анық көрсетілген.
Сондай-ақ, осы жағдайлардың бірінші себепшісі адамдар, өзіміз екенін де мойындау керек. Иттер мен мысықтарды жақсы көріп өсіреміз де, кәртейсе, ауырса немесе тағы бір болмашы себептермен далаға, көшеге қаңғытып жібереміз.
Шеткі көшелерден, далалық орман алқаптарынан, көпірлердің асты мен ұрымтал жыра-қуыстардан, ескі иесіз ғимараттардан қаңғыған күшіктер мен тастанды мысықтарды көп көреміз. Олар өзінен өзі шыққан жоқ, өсіріп алып, артынан көшеге тастаған безбүйрек адамдардың ісі бұл! Ақыр соңы осындай қоғамдық мәселеге айналған жағдайдың артында өзіміз тұрмыз, жерлестер!
Әр нәрсенің обалы мен киесі бар екенін де ескере жүрген жөн. Сондай-ақ, заңмен белгіленген жауапкершілік бар екенін де ұмытпайық!
Қаршыға Асу
Шыңғырлау ауданы