Шыңғырлау ауданының егін және шабындық алқаптарында науқан қызған шақ. Бреулері мал азығын жиып жатса, енді бір шаруа жандар егін орып, дән құюда. Өткен жылдары себілген 21100 гектар көпжылдық шөптерді есепке алғанда ауданның егістік алқабы 33670 гектар құрайды немесе жоспар биыл аудан бойынша 100,1%-ға орындалды.
Қазіргі уақытта Шыңғырлау ауданының егінмен айналысушы шаруашылық құрылымдары 2020 жылғы егін жинау науқанына үлкен әзірлікпен келіп, егін алқабында ыждағаттылықпен жұмыс істеуде. «14 шілдедегі мәлімет бойынша айтсақ, 1 186 гектар алқапта күздік дәнді дақыл бастырылды (күздік бидай - 913 гектар, орташа өнімділігі - 34,7 ц/га; күздік қара бидай – 506 гектар орташа өнімділігі – 10,4 ц/га. Бұл егін алқабынан жиылатын жалпы барлық дәнді дақылдар алаңның (4815 гектар) 29,5 %-ын құрайды. Қазіргі таңда 3702 тонна астық бастырылды, оның ішінде күздік бидай - 3175 тонна, күздік қара бидай - 527 тонна», – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов. Сонымен қатар, ауданда жалпы көлемі 1230 гектар жердегі күздік дақылдарды егуге арналған сүрі (пар) жерлерді өңдеу жұмыстары жүруде.
Аталмыш бөлімнің сектор жетекшісі Нұрлан Садықовтың айтуынша 2019-2020 жылдары аудан бойынша жалпы көлемі 12570 гектарға егін егілген. Оның ішінде 4815 гектар жерге дәнді дақылдар, соның ішінде күздік бидай – 1750 гектар, күздік қара бидай – 733 гектар, жаздық бидай – 556 гектар, арпа –1336 гектар, тары – 440 гектарды құрайды. Жоспардың орындалуы – 114,6%, сонымен қатар, 4620 гектар майлы (күнбағыс - 364 гектар, мақсары – 4256 гектар), жоспардың орындалуы -115,5%, 2920 гектар, бір және көпжылдық шөп дақылдары жоспардың орындалуы - 70,4%, 215 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары жоспардың орындалуы 100%. Күннің аптап ыстығына қарамастан диқандар ыждағаттылықпен еңбек етіп, піскен егінді тез арада қамбаға құйып алу қамында.
А.Муса
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz