Қыстың соңғы айы қалың қарымен, үскірік боранымен есте қалды. Әсіресе, қала мен ауылдарға қатынайтын қара жолдардың бойында қалың жауған қардан көлік тұралап, адам шығыны болмағанымен біршама әбігерге түсті жұртшылық. «Жолға шықпаңыздар!» деп жол қауіпсіздігіне жауапты орындар күні-түні қақсағанымен, болмады. Небір әккі көлік жүргізушілер ойлы-қырлы жолдар тауып, қалайда діттеген жерлеріне сапарға шығуды жалғастыра берді. Жол бойына қарауыл қойып, жол-көлік полиция қызметкерлері өткен-кеткенді «аңдығанымен», тұрғын біткенді күйбең тірлік жатқыза ма? Бірі қаладағы ауруханаға, бірі бала-шағасының шаруасымен, бірі жұмыс бабымен, енді бірі ет жақындарының шілдехана тойына немесе жерлеу рәсіміне қатысуға жол тартты. Садақаға, той-томалаққа деп асыққандары қаншама? Ауа райы болса, жағдайыңа қарамайды. Бірде қарын үкітіп үйіп тастап, қайбір күні аспанда ала бұлтын үйіріп, бұршақ аралас жаңбырын төгіп-төгіп жібереді.
Енді міне, айналасы екі-үш күнде қалың қарға «қарқ» қылған табиғат-ана көктем туа қардың қара суымен адамдарды «сынап» бағуда. Әлеуметтік желіде қыс бойы «қарымыз аршылмай жатыр» деп қақсап келген тұрғындарымыз тағы да әкімдік тарапына сын айтып, өкпе-наздарын білдіріп жатыр. Қора-лапасқа су кетіп, ірілі-ұсақты малы тірсегінен су кешкендері, көмек күтпей-ақ өз күштерімен қам-қарекет қылуда. Қалың қардың күрт ерігенінің себебінен ауладағы, көшедегі, жол бойындағы қара судың көлемі бірден көп мөлшерде тереңдік қалыптастырып үлгеруде. Бұл ауа райының тез жылынуынан дейді көзі қарақты үлкендер. Себебі, көктем келгенде қардың бірден емес, біртіндеп еруі керек еді. Танертең қатқақ, түс ауа жылымық, кешке таман тағы да жерді қатырып, біртіндеп еритін-ді. Сонда ғана ол қара жерді қандырады, топыраққа жақсы сіңеді. Ал мынадай жойқын қара су бұрындары бірден жиналмайтын. Әр заттың өзінің ыңғайы бары секілді, қардың еруінің де өзіндік бір шарттары болатын, - дейді ауыл ақсақалдары.
Оған қоса, қара су тектен-текке ақпағандай. Сарқырай ағып, талай затты шаятын түрі бар. Онымен қоймай, бетіндегі көбігін айдап шығып, судың түбін көрсеткендей, жұмыстағы небір кемшін тұстарымызды ашқан сыңайлы. Сөйтсек, қыс бойы ауылдың ішіндегі қарды мейлінше тазартып, далаға шығара алмаппыз. Қамданбаппыз. Расында, көшелерді жағалай қарасақ, таудай болып, қалтарыс жерлерді мүлдем жауып,тіпті жаяу жүргінші жолдарға дейін қар басып жатты. Ал қар аршуда көлік жетіспеді, қолдағыбар көліктің әлеуеті тіпті мардымсыз болды. Мысалға, тек қана аудан орталығын алып қарайықшы. Жүруінен сынуы көп, ескі техникалар. Немесе қазіргі заманауи техника болмағандықтан қалың қарға, сірескен көк мұзға қауқары жетпейді, сондықтан үлгере алмай әлек болады. Қыс бойы аудан орталығында жұмыс жасайтын бір ғана Т-150, үш «Беларусь» және бір ғана «Урал» техникасы іске қосылды. Оған қоса 12 адам қар тазалауға жұмылдырылды. Әйтсе де бұл әрине өте аз. Шыңғырлау аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жоғарыда көрсетілген техника барлық көшелерді кезекпен тазартуға немесе әлсін-әлсін жауған қарды аршумен айналысқан. Қардың күрт еруіне байланысты бұл техникалар енді ғана көшелерді еріген судан тазартуға жұмылдырылып, кідіріссіз жұмыс жасауда. Оның үстіне қазіргі мемлекеттік сатып алу заңы бойынша бұл мекеме мемлекеттік тапсырыс алғанда ғана жұмыс істеуге құқылы.Оның үстіне «Комтехсервисте» техника түгілі жанар-жағар май да, адамы да жеткіліксіз. Тіпті бұл мекеме жабылудың аз-ақ алдында тұр. Дейтұрғанымен, қолда барды жамап-жасқап, тырысуда екен.
Ал тұрғындар болса, енді қардың құрсауынан құтылдық дегенде есік алдын, үй-жайын, қора-қопсыны қар суы басып, тағы әбігерге түсуде. Енді қайдан көмек, кімнен қолдау көрмекпіз деп арасында ашу шақырып та алатындары бар.
Қолына күрек ұстап, неше күннен бері су жырып жүрген Б. есімді азамат қора-қопсының суға кеткенін айтып налиды. Тауықтары қораның төбесінде отыр. Ал тағы бір азаматшаныңүйінің алдын қара су жайлап, балаларды мектепке шығара алмай, арқалап әлек. Айта кету жөн, көктем келсе, қарбалас та басталады.
Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Әділ Қаражановтың бұл істе өзі бас-көз болып, тыным көрмей жүргені баршаға аян. Әрбір көшені аралап, тұрғындардың талап-тілектеріне көңіл бөліп, тіпті қажетболғанда ақылдарына құлақ асып, бұл шаруаны ыңғайлауға тырысуда. Бұл істе белсенді қайырымды ауыл тұрғындары да қол қусырып қарап отырмады. Әсіресе, көлігі бар жандар күні-түні көрші-көлем мен ауылдастарына қолғабыс етуде. Тілсіз жаумен «жағаласқандардың» бірі шыңғырлаулық Равиль Мардынов. Қиналғандарға қолұшын беріп, Басчасов көшесі тұрғындарының алғысына бөленген жігіт ағасы: «Елдің елдігі осындайда танылмақ, бір-бірімізге қолұшын беру – адами парыз», - дейді.
Аудан орталығындағы жағдай осындай болса, ауыл-елдегілердің жағдайы нешік десеңізші? Амангелді ауылының тұрғындары қыс бойы қар құрсауынан шыға алмай келді. Енді қара су әбігерге салып әкімдіктен көмек сұрауда.
Азын-шоғын адамдары бар елді мекендердің бірі – Қайыңды ауылы. Қолдағы техникаларын пайдаланып, тұрғындары жиналып, ауыл іргесіндегі өзен бойында бірнеше күн бойы жұмыстануда. Су басу қаупінің алдын алу мақсатында бір бірлік МТЗ-80 тракторының тіркемесімен 5 тоннадан астам күл өзенге тасылыпты. Оны өзен бетіне жайып, мұздың еруіне ықпал жасауда. Әйтпесе қардың жылдағыдан көптігі, әрі өзен мұзының соншалықты қалың болуы ауыл халқының түн ұйқысын төрт бөлдіріп, алаңдатуда екен. Сондықтан қайыңдылықтар қазірден бастап, ауылдың іргесін шегендеп, қауіптің алдын алу қамын жасауда.
Иә, қордаланған қар да кетер. Жұртты әбігерге салған, айналаны қаптаған қара суда сай-салаға ағып бітер. Тағы жайраңдаған жаз келіп, сарғайған күз де болар. Амандық болса, аппақ қар қайда деп сағынтып, тағы бір қыс келіп жетер. Тек, ежелден айтылатын «Қысқы шанамызды, жазда сайлап» дегенді санамызға сақтап қойсақ...
А.Арыстанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress