21.03.2024, 1:37
Оқылды: 498

Шыңғырлауда этно-ауыл көрме галереясы өтті

Шыңғырлау аудандық орталық кітапханасында «Бақ, берекем, құт мерекем – Әз-Наурыз» атты этно-ауыл көрме галереясы өтті. Бірнеше бөлімдерде әр түрлі тақырыпта шағын ауылдар ұйымдастырылып, қонақтарды қабылдады.

433140785_1833032470441846_8065335590926511664_n

«Жұмбақ» этно-ауылында «Ұлттық мереке – бақ, береке бастауы» атты сұрақ-жауап кеші өтті. Шараға 1-4 сынып оқушылары қатысты. Ең алдымен Қожанасыр, Алдар көсе, Тазша бала кейіпкерлерімен көрініс қойылып, балаларды топқа бөліп, түрлі қызықты ойындар өткізді. Төл мерекемізге қатысты сұрақтар қойылып, бүлдіршіндерге біршама ақпарат берілді. Осылайша мәдениетіміз бен құндылықтарымыздың қадір-қасиеті жас ұрпаққа насихатталды. Шара «Жарқыраған жас нұрлы, жаса Наурыз дәстүрлі» кітап-көрмесін тамашалаумен жалғасын тапты.

433108327_1833032193775207_3682965042651064020_n

«Бөкенбай» этно ауылында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» кітап көрмесі қойылды. Бұл бөлімде «Бақ берекем, құт мерекем – Әз-Наурыз!» атты этнокруиз өткізілді. Шара үлкеннен бата алумен ашылып, көкпаршы, ұстаз Бекболат Файзулиннің ұлттық спорт түрлері жайында өрбіткен әңгімесіне жалғасты. Жас спортшылармен қатар ауыл үлкендері қонақ болған кеште Ораз Жупиев, Амангелді Самаев қамшы өру, жасау әдісімен таныстырып, түрлерін атап өтті. Бұл жылқы жануарының қатысы бар спорт түрлерімен шұғылданатын жасөспірімдер тың ақпараттар, тамаша танымдық сағат болды. Кейін Әлинұр есімді жас палуанға жүгенді сыйға тартты. Сонымен қатар шарада ұлттық спорт түрлерінің жаттықтырушылары асық ату, арқан тарту, қол күрес ойындарын өткізді.

«Тайқазан» этно-ауылында «Даланың дархан дастарқаны» атты көрме залы дайындалған. Ұлттық тағамдарымыздың барлық түрі қойылған дастарханнан келген қонақтар дәм татып, мерекенің ең басты тағамы Наурыз көже ұсынылып, ақтан ауыз тиді. Мерекелік дастарханнан бөлек ұлттық тағамдары туралы әдебиеттер қойылған көрме назарларына ұсынылды.

433122798_1833032333775193_7224309749087186397_n

«Асыл мұра» этно-ауылында «Ұрпаққа мирас ұлттық киім» көрмесі қойылды. Қазақылығымыздың белгісі ұлттық киімдеріміздің түрлері, ұлттық нақышта тігілген заманауи үлгідегі киімдер орын тапқан бұл бөлімнің безендірілуі көздің жауын алып, келушілердің таңдайын қақтырды. Киімдердің әдемілігі ғана емес, қазақы болмысымыздың белгілері, тауарларды көмкеріп тұрған әсем тастар, сән мен мән беріп тұрған ою-өрнектер де бірден көзге түседі.

«Қазақ әлемі» этно-ауылында «Әз Наурыз, қош келдің!» тақырыбында салт-дәстүрлер дәріптелген кеш өтті. Мектеп оқушыларына "Бесікке салу", "Бесік той", өзге де салт-дәстүрлері туралы айтылып, назарларына көрме ұсынылды.

Бұл шаралардың басты мақсаты қазақ халық шығармашылығын насихаттау, ұлттық әдет-ғұрыптарды, дәстүрлерді дәріптеу, мәдениеттімізді сақтау және дамыту болып табылады. Ұлттығымыздың, қазақы құндылықтарымыздың қадірін жас ұрпаққа жеткізу, насихаттау біздің басты парызымыз.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале