Шыңғырлау ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған ерекше спорттық шара өтті. Іс-шара жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен және аудандық денешынықтыру-сауықтыру орталығының қолдауымен жүзеге асырылды. Қайырымдылық айлығы аясында өткен бұл жарыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.

Жарыс бағдарламасына ұлттық және танымал спорт түрлері енді: тоғызқұмалақ, асық ату, гір көтеру, қол күресі және үстел теннисі. Бұл сайыстардың әрқайсысы қатысушылардың физикалық мүмкіндіктеріне сай ұйымдастырылып, тартысты әрі әділ түрде өтті.

Ауданымызға қарасты 8 ауылдық округтің ішінде Алмаз, Ақшат, Ақбұлақ, Шыңғырлау және Ақтау ауылдық округтерінен қатысушылар белсенділік танытты. Алайда қалған 3 округтің мұндай маңызы зор іс-шарадан шет қалуы, өкінішке қарай, ауыл әкімдіктерінің немқұрайлылығын көрсетсе керек.

Шара барысында демеушілік көрсеткен "Мадина" тойханасының иелеріне қатысушылар мен ұйымдастырушылар зор алғыс білдірді. Олар жарысқа қатысқан барлық спортшыларға дәмді түскі ас ұсынып, өздерінің азаматтық белсенділіктерін көрсетті.

Сонымен қатар, аудандық денешынықтыру-сауықтыру орталығы қатысушыларды медаль, диплом және сыйлықтармен марапаттап, тойханаға бару үшін арнайы газель көлігімен қамтамасыз етті.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы