15.01.2025, 20:22
Оқылды: 5

Шыңғырлауда кітап оқу байқауының жүлдегерлері марапатталды

Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Балалар кітапханасы» жобасы аясында білім беру ұйымдарында өтетін «Білімнің қайнар бұлағы - кітап» атты кітап оқу байқауының сыйлықтарын табыс ету салтанатты шарасы өтті.

473192867_2039796076432150_6580287226861702672_n

Ащысай мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің оқушылары Умарғалиева Мейрамгүл мен Нұрлан Ералының орындауындағы «Жүр, досым, кітапханаға» әнімен шымылдығы ашылған шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев, ауданның құрметті азаматтары, ұстаздар, оқушылар қатысты.

473429428_2039795739765517_4141841820836753956_n

2024 жылдың 1 қарашасынан бастау алған «Білімнің қайнар бұлағы-кітап» байқауы биылғы жылдың 20-мамырына дейін жалғасатын болады. Байқаудың басты мақсаты - «Балалар кітапханасы» жобасы аясында білім беру ұйымдарында мектеп оқушыларына кітап оқуды насихаттау, ұсыну, мектеп кітапханаларының қорындағы кітаптарды пайдалану, оқырманның иммиджін көтеру және мектептің ең үздік оқырмандарын мадақтау.

473377860_2039795933098831_2405340205700952407_n

Байқау ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұсынған келесі кітаптарды оқу бойынша өткізіледі: Б.Соқпақбаев «Менің атым - Қожа», Ғ.Мүсірепов «Ұлпан», «Қобыланды батыр жыры», М.Әуезов «Көксерек», С.Мұратбеков «Жусан иісі», С.Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй», С.Торайғыров «Қамар Сұлу», Б.Момышұлы «Ұшқан ұя», М.Әуезов «Қорғансыздың күні», М.Дулатов «Бақытсыз Жамал», О.Бөкей «Тортай мінер ақбоз ат», Қ.Ысқақ «Қоңыр күз еді», Т.Әбдік «Қонақтар», С.Мұратбеков «Жабайы алма», Қ.Қайсенов «Жау тылындағы бала». Бұл кітаптарды қатысушылар мектеп кітапханасынан ала алады. Барлық мектеп кітапханаларында кітапханшылар «Білімнің қайнар бұлағы - кітап» атты кітап көрмесін жасақтап, библиографиялық шолу жасап, байқауды жарнамалайды. Байқауды ұйымдастыру мен өткізудің әр кезеңінде ұйымдастыру комитеттері және әділқазылар алқасы құрамы құрылып, жеңімпаздарды анықтайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, демеушілер ұсынып отырған сыйлықтармен (велосипед; домбыра; сөмке) марапатталады.

473739331_2039796176432140_9014138847521162096_n
Салтанатты жиынның алғашқы сөз кезегі аудан әкіміне берілді. -Игі мақсатта өткізіліп отырған осы байқаудың мағынасы терең, маңызы жоғары. Бұл шараны жыл сайынғы дәстүрге айналдыру жоспарда бар. Ауданымыздың білім саласының деңгейі өте жоғары. «Алты Алашатың басы қосылса, төр мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, ұстаздарымыздың жасап жатқан еңбектері зор. Аз да болса үлесімізді қосып, балаларға мотивация болып, ынталандыру мақсатында осы шараға мұрындық болып отырмыз. Мектеп, кітапхана, ұстаздар, оқушылар, ата-аналар бірлесіп қызмет етуде. Ортақ мақсат – білімді, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Өткен жылы Президентіміз барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен кездескен уақытта балалардың уақытын тиімді пайдалану жайында айтқан болатын. Қазір цифрлық дәуір кезеңі болса да, басты құндылығымыз, рухани қазынамыз, білімнің қайнар бұлағы - кітап оқуды ұмытпау керек. Міне, осы бағытта ұйымдастырылып отырған байқаудың барша қатысушыларына сәттілік тілеймін. Жақсы оқып, жақсы тәрбие алып, болашақта біздің еліміздің бетке ұстар азаматтары боласыздар деп сенемін!,- деп сөзін қорытындылады.

473292228_2039796046432153_789524693989625004_n
Байқаудың өткізілуіне «Саға» шаруа қожалығының жетекшісі Андрей Наурызғалиев, «Тұлпар» шаруа қожалығының жетекшісі Қазбек Намиев, «Неплюева» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Михаил Неплюев қолдау көрсетіп, демеушілік танытты. Шыңғырлау ауданының барлық білім ошақтарының басшыларына жеңімпаздарға берілетін сыйлықтар табысталып, салтанатты шара мәресіне жетті.

Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале