13.09.2024, 18:00
Оқылды: 160

Шыңғырлауда Көбейсін Өтегенов атындағы шәкіртақы тағайындалады

Кеңес Одағы кезінде «Шілік», бүгінде Ақбұлақ ауылдық округі аталып келе жатқан ірі совхоздың құрылғанына 70 жыл толғалы отыр. Аудан тарихында мыңғырған қой баққан, бітік егін өсірген еңбекқор халқымен аты шыққан ірі шаруашылықтың қазіргі таңда да түтіні түзу шығуда.

CFEB3811-DA3A-4781-8375-986772DD76F2

Сонау тоқырау кезінде де ата қоныстан алыстамаған ағайын барға – қанағат, жоққа – шүкіршілік етіп тірліктерін тоқыратпады. Жылдар белесінде осы ауылда талай елге сыйлы азаматтар өмір сүрді, еңбек етті, жастарды тәрбиеледі. Олардың жасап кеткен өнегелі істерін халық әлі ұмытқан жоқ, келелі жиын-басқосу болсын, жай кездесулерде де сол айтулы азаматтарды тілге тиек етпей кетпейді. Сондай елеулі тұлғаның бірі Кеңес Өтесінов еді.

Кеңес Өтесінұлы 1937 жылы БҚО-ның Шыңғырлау ауданы Сұлукөл ауылында дүниеге келген. Әкесі Ұлы Отан соғысында қан майданға аттанып, қайта оралмайды. Анасы да өмірдің тауқыметінен бұл дүниеден ерте өтеді. Қаршадай жас бала ең жақындарынан айырылсада қайраттылық танытып, өмірден өз еншісін алуға тырысады.

Аудан орталығындағы сол кездегі балалар үйінде тәрбиеленіп, бірде аш, бірде тоқ жүріп білім нәрін кеудесіне құя берген-ді. 1955 жылы Шилі орта мектебін бітірген соң, Лубен совхозында жұмысшы болып еңбек жолын бастайды. 1957-1960 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп қайтады. Жоғары білім алу мақсатымен арман қала Алматыға аттанып, 1961 жылы Қазақ ұлттық университетіне тарих мамандығы бойынша оқуға түскенімен, оқуға жолдың алыстығы әрі қаражаттың тапшылығы қолбайлау болып, А.Пушкин атындағы Орал педагогика институтына ауысып, оны 1967 жылы сырттай бітіріп шығады.  

Жас жігіт алған білімін іс жүзінде көрсету мақсатымен мұғалімдік өмірге бас қойып кіріп кетеді. 1961-1973 жылдары Шыңғырлау ауданы Қарағаш орта мектебінде дене шынықтыру, тарих пәні мұғалім болып жұмыс атқарса, 1973 -1977 жылдары Тасмола орта мектебінде тарих пәні мұғалімі, сонымен қатар мектеп интернатының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Білімді, өз мамандығына ерекше берілген ұстаз шәкірттерінің жүрегіне терең білімімен жол таба білді.

7C67C826-9542-4A72-B178-2C4015533714

Оның өткізген әр сабағында бала біткен қыбыр етпей, ұйып отыратын. Сыныпта ұшқан шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштық орнап, балалар ұстаздарының айтқан әр сөздерін қалт жібермей тыңдаушы еді, білім әлеміне кіріп кеткен олар тіпті қоңырау соғылып жатқанда да сабақтың әдемі әсерінін шыға алмай отырысатын еді дейді сол кезді көзі көргендер. Темірдей тәртіп пен орынды талап болған жерде білімнің де негізі мықты болатыны сөзсіз. Оны ұстаз алдынан өтіп, бұл күнде әр салада жұмыс жасап жүрген шәкірттерінен байқауға болады.

Кеңес Өтегенұлы жазғы үш ай демалыста да қарап жатпайтын. Жаз айының әр күні қысқа азық екендігін көзімен көріп өскен ауыл баласы ауылдастарымен бірге көмек керек жерге араласып кете беретін. Бітік шыққан егінді шашау шығармай қамбаға құятын науқан кезінде комбайн рөліне де отырып таңнан кешке дейін бір бел жазып көрмеген. Айтқан сөзінде нық тұратын, алған бағытынан қайтпайтын әділ де батыл жан көп жылдар «Шілік» совхозында кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін де жасайды. Қайта айналып білім ошағында да қызмет етті. 1985-1988 жылдары Тасмола орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасап, талай шәкірттерін үлкен өмірге шығарып салған-ды.

Кейін Зелен ауданына қоныс аударып ол жерде ұстаздық қызметін жалғастырады. Жамбыл орта мектебінде мұғалім, зейнетке шыққанша оқу ісінің меңгерушісі болды. Өмірлік серігі, Ағатан ауылының бойжеткені Куляй Билялқызымен өмірдің небір белестеріен қол жазбай бірге өтіп, өмірге келген үш қыз мен екі ұлын парасатты, адамгершілігі мол азамат-азаматша етіп тәрбиелеп шығарды. Күляй Билялқызы да кезінде Орал медучилищесін акушер мамандығы бойынша бітіріп алған-тұғын. 1957 жылдан Ағатан, Қарағаш, Тасмола амбулаториясында жұмыс жасап, еліне елеулі болған жан. «Күләй апа менің кіндік шешем еді дейтін» бүгінде жасы егде тартқан ақбұлақтықтардың әлі де көзі тірі.

Адал еңбегі үшін кеңес К.Өтесінов «Еңбек ардагері» мадалімен марапатталады. Еңбекқор, өз елінің патриоты болған ол қай жерде жүрсе де туған жерін ұмытқан емес. Ауыл жақтан келген әрбір хабарға қуанып, жетістеріне шаттанып «менің жерлестерім осындай» деп мақтанып отыратын еді дейді ұрпағы. Еңбек ардагерінің адал сүт еміп өскен балалары да туған жерлеріне ат ізін жиі салуға тырысады. Кезінде әкелері еңбек еткен орта мектептің де жай-күйінен хабардар. Көбейсін мен Күляйдан тараған ұрпақтары да жоғары білім алып, бірі ұстаздық жолды таңдаса, енді бірі әр түолі салада жоғары білім алды. Үлкен қызы Мунира бүгінде Астана қаласында кәсіпкер болса, Фариласы Мәскеу қаласында өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал Мирасы осы әкесі еңбек еткен Ақбұлақта мемлекеттік қызметте. Ұлдары да Абат пен Қанат Орал қаласында логистикалық компания да жұмыс жасайды.

Енді міне, Ақбұлақ ауылдық округінің 70 жылдығы қарсаңында өнегелі ұстаз Кеңес Өтесіновтің ұрпақтары ауылдағы орта мектептің оқушылары үшін үлкен тосынсый дайындапты. Яғни, ауыл, аудан, облыстық білім олимпиадаларында үздік шыққан, терең білімдерін дәлелдеп келе жатқан 20 балаға 10 мыңнан Көбейсін Өтегенов атындағы шәкіртақыны тағайындап отыр. Яғни, оқу жылының алғашқы жартысында  10 бала, келесі жартысында 10 оқушы 200 мың сертификатты иеленбек. Бұл дегеніңіз білім жолына ден қойған, зейінді де ізденімпаз оқушыларға деген үлкен қолдау, зор сенім.

Осы жаңалықты естіген ауыл жұртшылығы жақсыдан тараған ұрпақтардың да жақсы адамдар болып өскендіктеріне куә болуда.

Әшейінде сөзбен ғана елім, жерім деп еңірейтіндерге қарағанда бұл нақты қадам, нақты мәрттік. Осындай еліме-жеріме болсын дейтін арда ұрпақ көп болса, қанеки! Ақылдарына адамгершіліктері сай ұстаздың ұрпақтары осылайша әкелерінің атын тағы да бір ел есінде жаңғыртып отыр.

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы                          

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале