14 наурыз – Көрісу күні татулық пен сыйластық, ізгілік пен мейірімділік көрініс табатын мейрам. Бұл «жаңа жастың» келгенімен құттықтап, амандық, бірлік тілейтін, өкпе-ренішті өткенге қалдыратын күн. Әз-Наурыздың алдында мерекелік көңіл-күй сыйлайтын бұл мейрам Шыңғырлау ауданында кеңінен тойланды.
Аудан мекемелері ұжымдарымен дастархандарын жайып, көрісе келген қонақтарды құшақ жая қарсылады. Ұйымдастырылған шараларда ұлтық тағамдарымыз ұсынылып, шағын сыйлықтар таратылып жатты. Аудан тұрғындары ұлттық киімдерімізді киіп, бір-бірімен төс қағысып, қол алысты.
Бәрі бірдей ұлттық нақышта киінгенде Шыңғырлау ерекше құлпырып тұрды. «Наурызнаманың» онкүндігі осылай ашылды, және бүгінгі күн Наурыз мейрамын тойлаудың тамаша бастамасы болды десек артық емес.
Ауылдық округтер, аудандық кітапхана, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық аурухана, «Болашақ» бөбекжайы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, Шыңғырлау колледжі, тағы да басқа мекемелер «Көрісу күнін» әдемі өткізді.
Мерекені тойлаумен қатар басты мақсат өскелең ұрпаққа ұлтық мерекелердің құндылығын жеткізіп, жылдың бастауы саналатын Әз-Наурыз мерекесін насихаттау, дәріптеу болып табылады.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы