Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 40-тан астам шығармалардың авторы Болат Ыбырайұлының есімі қайта жаңғырды. Оның күйлерін ұлықтау мақсатында Шыңғырлау ауданында «Күйші мұрасы» атты ауданаралық аймақтық фестиваль өтті.
«Құрманғазы», «Батырлар дабылы», «Жалын», «Кіші қыз», «Сейтектің арманы», «Салтанатты мейрам», «Досыма», «Жастық әні», «Оралым менің» тағы басқа күйлердің авторы Б.Шалабаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған фестивальге көршілес Қаратөбе, Бөрлі және ауданнң 8 күйшісі қатысты.
Фестивальда аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Күй кешін Аудандық саз мектебінің оқытушысы, Болат Шалабаевтың жиені Әлібек Жұмашев «Сейтек арманы» күйімен ашты. Шара барысында күйшінің қызы Эльмира Болатқызы әкесі туралы сыр шертті. Жастайынан өнерге, домбыраға жақын болған әкесі балаларына күй мен әнді орындап қана қоймай, оның тарихын терең баяндап отырған.
Аталмыш фестивальда кеш кейіпкері Б.Шалабаевтың шығармаларынан басқа, қатысушылар Құрманғазының «Төремұрат», Сүгірдің «Шалқымасы», Жантөренің «Шалқымасы», Махамбеттің «Жауға шапқан», А.Жайымовтың «Шаттанамын», Қ.Ахмедиаровтың «Елбасы» күйлері тартылды.
Шарада қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер