19.01.2024, 16:30
Оқылды: 56

Шыңғырлауда қыстақ қалай өтіп жатыр?

Қазір қыс суығы қысып тұрған шақ. Қаңтар күшіне мініп, сарышұнақ аяз мал баққанның мазасын кетіріп тұрған тұста, қыстақ жайы қалай деген бағытта Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев мал қыстақтарын аралап шықты. Бұл жолы сапар Қыстаубай қыстағынан басталды. Мұнда «Усмангалиев» және «Тұлпар» шаруа қожалықтарының қыстағы орналасқан. Келген бетте көзге түскені қатар-қатар жиылған шөп жинағы. Яғни, мал азығы артығымен жиналғаны көзге ұрып тұр.

жп дала шынгырлау (1)

- Қыстақ қалыпты өтуде. Шөпті биыл 3000 рулонға жеткізіп жинағанбыз, шөбіміз мол, жем бар, мал азығы жеткілікті. Ірі қара малы қолда тұр, жылқы далада. Енді бір азғантай уақытта ірі қара аналық мал төлдей бастайды, қазірдің өзінде төл бар, - дейді шаруашылық басшысы Оразбай Усманғалиев.

жп дала шынгырлау (3)

Тарқатып айтсақ, «Тұлпар» шаруа қожалығы (басшысы Абай Усмангалиев)  200 бас жылқы, ал «Усмангалиев» шаруа қожалығы (басшысы Оразбай Усманғалиев) 350-ден аса ірі қара мал өсіріп отыр. Шаруашылық көптен бері келе жатқан, төрт аяғын тең басқан мығым шаруашылықтар қатарынан. Техникалық базасы толық, сегіз жұмысшысы бар. Шөп қоры да қажетінше шаруашылық малына жұмсалып, артығы қыс ортасы ауа ауыл- елге сатыла бастайды екен. Мұны да тұрғындардың біле жүргені дұрыс.

Шаруашылық тынысымен танысқан аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев алдағы жоспар мен түйінді мәселелер туралы сұрақтар қойды. Шаруашылықта жайылымдық жерге сұраныс бар. Мал басы өскен сайын жаздық жайылым көлемі де ұлғайғаны дұрыс. Қазіргі таңда жайылымдық жердің тапшылығы бар екен.

жп дала шынгырлау (4)

Бұдан соң сапар Ұрысай ауылының тұрғыны, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 11 бас симменталь тұқымды ірі қара аналық мал алып отырған Құлниязовтар отбасына қарай жалғасты. Асыл тұқымды малды ауласында бағып отырған Жәнібек Құлниязов мал басын Ақтөбеден алдырған. Бәрі чиптелген, жем-шөбін сатып алып отырған жағдайы бар. Мал азығы жеткілікті, малы күйлі. Ұрысай ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасына бет бұрып отырған 4-5 отбасы бар. Жергілікті округ әкімі Әділ Қаражанов бұл отбасыларға аталған бағдарламамен жұмыс жасауына нақты көмек көрсетілетінін айтып отыр.

жп дала шынгырлау (5)

Жаңакүш ауылының тұрғыны, «Бекманов» шаруа қожалығының иесі Нұрлан Бекманов 50 бас аналық ірі қара, екі асыл тұқымды бұқа ұстап отыр. Бұл жерде де екі шаруашылық бірге жұмыс жасап тұр. Екіншісі, «Имран» шаруашылығы 300-ге тарта ірі қара, 700 бас қой өрбітіп отырған шаруашылық. Малдың жем-шөбі жеткілікті. Қыстақ ойдағыдай өтуде. Шаруашылық басшысы Н.Бекманов «Сүт өндіру алаңын» қолға алған екен. Алаң құрылысы басталып кеткен, құрылыс материалы да түгел жеткізілген, қыс түсіп кетуіне байланысты ғана әзірге тоқтап тұр. Шаруашылығындағы аналық мал басы мен ауылдас ағайын, жақын орналасқан ауылдардан жиналған сүтті өңдеуді жоспарлап отыр шаруашылық қожайыны.

Елек өзенінің аңғарына орналасқан «Саға» шаруа қожалығы бірыңғай асыл тұқымды «Ангус» ірі қара мал басын өсіруде. Шаруашылық мал қораларының жинақы, таза және жылылығымен қуантты. Малдың жем-шөбі мол, бастап төлдеп те жатыр екен. Мұнда бұған дейін 125 ірі қара ұстап келген, қазір тағы да 200 бас осы ангус тұқымды мал сатып алынған. Шаруашылық басшысы Андрей Наурызғалиев жұмыс қолы керек екенін айтып отыр. Яғни, жұмысқа келем деуші отбасылар болса, тұрмыс-тіршлік жағдайын жасап, жұмысқа алғысы келеді. Шарт - міндетті түрде мектеп жасындағы бірнеше баласы болуы керек. Яғни, шаруашылық басшысы жергілікті Жаңакүш мектебінің жанданғанын, тұрғындардың ауылда тұрақтап қалуын қалайды.

жп дала шынгырлау (6)

Ауласы ғана емес, ауылдың жайын да ойлап жүрген азаматқа іштей разы болдық.

Кеңес заманындағы үлкен ауылдың ізі, қазір екі-үш үйлі елді-мекен боп қалған Үлгілі ауылында «Ерғалиев» шаруа қожалығы орналасқан. Шаруашылықтың 100-ден аса ірі қарасы, 500 ге жуық уақ жандығы, 100-ге тарта жылқысы бар. Біраз түлікті ұстап отырған шаруашылықтың жем-шөбі жеткілікті болғанымен, мал қамайтын жылы қораның жоқтығын байқадық. Әрине, мал иесі өзінің шама-шарқына қарай қимылдайды. Дегенмен қытымыр «Қыс шілдесі» тұсында күндіз-түні далада тұрған малдың сүйегі сырқырайтыны анық. Шаруа иесінің мұны, әлбетте, ескергені жөн. Тілі жоқ түліктің обал-сауабы бар екенін де ескеру керек.

Сапар соңында «Гефесть» шаруа қожалығы иелігінде болдық. Жылдар бойына аудан орталығын, жақын орналасқан ауыл-қалаларды қарбыз- қауын, көкөніспен, балықпен қамтып отырған шаруашылық көпшілікке танымал. Шаруашылық басшысы Александр Рудь иелегіндегі «Жаңакүш» су қоймасына биыл 18 мың «Белый амур» және тұқы балықтарын жіберген. Яғни, әдеттегідей тоғандағы балық қорын молайтуға жұмыс жасап жатыр. «Жаңакүш» су қоймасы, облыстық табиғатты пайдалану және балық шаруашылғы мекемелерінің есебі бойынша жылына 50 тонна балық өндіретін қуаты бар су көзі, яғни, толық қуатымен пайдалануға мүмкіндік те бар. Шаруашылық алдағы жазды жүгері егістігін ұлғайтуға арнамақ. Былтырғы егілген жүгері үмітті ақтап, жақсы өнім берген, биылғы негізгі бағыт та осы болмақ, - дейді кәсіпкер.

жп дала шынгырлау (9)

Александр:

- Жалпы аудан бойынша балық өсіруді қолға алу керек, бұл тиімді және ұтылып қалмайтын жақсы бағыт, - деп отыр.

Оның пайымдауынша аудан аумағында бірнеше жасанды тоған жасауға аса қолайлы жер бар.

«Осыны дұрыс ұйымдастырып, қолға алса, жақсы шаруашылықтар бой көтерер еді» , - дейді бұл салада тәжірибесі мол кәсіпкер.

Жалпы кәсіппен айналысып, шаруашылық ұстағандар, қалайда ауылды көтеріп, халықты тұрақтандыруды да ойластырып жүр. «Туған жерге туыңды тік» десек те, «азаматын көріп, ауылын таны» десек те осы тұста жарасар еді.

жп дала шынгырлау (8)

Қыстақ жалпы қалыпты өтуде. Бірақ шаруа ұстаған ағайынға айтар датымыз да бар. Шаруашылық айналасы да, аулалары мен қора қопсылары да тазалықты талап етіп тұр. Әрине, мал басы көп болған соң, мұны реттеу қиын шығар, дегенмен «Саға» шаруашылығында да осындай мал басы бар. Бірақ, тазалығы мен жинақылығына разы болдық. Қоршаулардың сәнділігі, бүтіндігі, қоралардың жылы болуы аса қажет екені көзге ұрып тұр.

жп дала шынгырлау (7)

Тіршілігін төрт түлікке байлаған қазақы болмыстың мал шаруашылығына икемі бар. Олай болса, 200, 500 бас мал өсіріп отырғандардың мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысып осындай дәрежеге жеткенін де ескеріңіз, қадірлі оқырман! Сізге де дәл осындай мүмкіндіктер бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы және жергілікті атқарушы органдар мен тиісті мекемелер сіздерге көмек пен қолдауын ұсынуға әзір.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале