Жуырда елімізде 17 тамыз - 4 қазан күндері аралығында партияішілік іріктеу – праймеризі өтті. Үш ай мерзімге созылған праймериз барысында кандидаттар аса жауапкершілікпен тиісті талаптар мен шарттарды орындап, мемлекетімізде тұңғыш рет электронды түрде дауыс беру рәсімінің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан болатын. Осы орайда, «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова аталмыш науқан барысында белсенділік танытқан тұлғаларды партия төрағасы, ҚР-ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың және облыс әкімі Ғ.Есқалиевтың алғысхаттарымен марапаттады. Атап айтқанда, А.Камзаева, Б.Жұмағалиев, А.Зұлқашев, Т.Қитарбаев Нұрсұлтан Әбішұлының алғысхатын иеленсе, өзге азаматтар мен азаматшалар облыс басшысының марапатына ие болды.
Шара барысында аудан басшысы праймеризге қатысқан тұлғаларға алғысын білдіріп, қысқаша іріктеу кезеңнің өту барысына тоқталып өтті. Жалпы аудан бойынша праймеризге қатысуға 26 кандидат өтініш берген. Олардың 42%-ы – әйелдер, 34,6%-ы - 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 14 адам ұсынылса, 12 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар. Үш күн қатарынан жүргізілген онлайн дауыс беруде 100 пайызға жуық партияластар өз таңдауын жасаған.
Еріктілер жылында осы науқанға өз еркімен атсалысқан Тілек Қитарбаев: «Мен Елбасы Н.Назарбаевтың атынан алғысхат алғаныма өте қуаныштымын. Дегенмен праймериз жұмыстарына марапат алу үшін немесе мақтау естейін деп қатысқан жоқпын. Өзім техниканың әрі әлеуметтік желілердің «тілін» білген соң, электронды түрде дауыс беруді ұйымдастыруға шын ниетіммен қатыстым. Әйтсе де, менің еңбегімді бағалап, осындай алып тұлғаның алғысхатымен марапаттаған аудан басшылығына алғысымды білдіремін», – дейді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер