Дәстүрлі дін мен қоғамға қауіп төндіретін жат ағымдардың аражігін ажырату өте маңызды. Діни сауаттылығы жоқ жастар өзге ағымға оңай тартылып кетуі кәдік. Сол себептен де осы бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмеу маңызды.
Шыңғырлау аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Қайыржанов және теолог-маман Марат Ғұбайдуллин Ақбұлақ ауылдық округінде болып қайтты.
Қазақстан Республикасында діни экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру, тыйым салынған діни ұйымдардың идеологиясының алдын алу, тұрғындардың діни сауатын арттыру және мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын түсіндіру мақсатында "Радикалды теріс діни ағымдардың қоғамға кері әсері" тақырыбында түсіндіру жұмысын жүргізді.
Бұған қоса «Қауырт желі 114» Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен діндерді зерттеу орталығы қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жобасымен, Қазақстан Республикасы азаматтарына, діни мәселелер бойынша кәсіби және уақытылы көмек көрсететіндігі туралы да айтылды.
«Қауырт желі 114»-тің мамандары телефон арқылы және сайттың онлайн режимінде деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккен адамдардың сауалдарына жауап беріп, психологиялық консультациялық кеңесті мемлекеттік және ресми тілде жүргізетіндігі жайында да жеткізіліп, парақшалар таратылды.
Назым Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz