Ауылдың тұрмыс-тіршілігінің сәні егін салып, мал бағып, кәсіпкерлік дамығанда ғана кірмек. Шыңғырлаулықтар бұл кәсіптерді жақсы меңгеріп, ауданның экономикасына мол үлес қосуда. Әсіресе, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Енді, міне, малға қоса балық бағуды да қолға алып, бірнеше жылдар бойы тәжірибе де жинақтап үлгерді.
Алыс-жақын өңірден әкелінген төрт түлік мал шұрайлы жерімізді жерсінсе, шаруа баққан жандардың, іскер кәсіпкерлердің бағып көбейтуді мақсат тұтып, сатып әкелінген май шабақтары суымызда еркін жүзуде. Сөзімізге негіз - жақында ғана «Гефест» шаруа қожалығы (жетекшісі А.Рудь) 12 мың дана балық шабағын әкеліп, Жаңакүштегі су қоймасына жіберді. Ал «Жайдар» шаруа қожалығы (жетекшісі Н.Лесов) Ардақтағы су бөгетін 4000 шабақпен толтырды. Сондай-ақ «Арман» шаруа қожалығы (жетекшісі М.Наурызғалиев) 5 мың дана балық шабағын Саға бөгетіне жіберді. Алдағы уақытта сазан, карп, қара балық шабақтары көбейсе деген үміт бар. Айта кету жөн, Жаңакүш бөгеті жыл сайын балық шабағымен көбейіп отырады.
- Сонымен бірге, өзен-көл жағалауларын таза ұстап, аң-құсына қамқорлық танытып, табиғатты аялай білу - біздің парыз. Осы бағытта жастармен көбірек жұмыс жасап, өскелең ұрпақ бойына табиғатқа деген жанашырлық сезімін қалыптастыруға ықпал етпекпіз,- дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рүстем Еслямов.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz