Бүгін Шыңғырлау ауданы бойынша сенбілік өтіп жатыр. Аудандық мекемелердің қызметкерлері бөлімдеріне бекітілген көшелерде қоқыстан тазалау жұмысын жүргізді.
Айта кетелік, биыл 8-сәуір мен 8-мамыр аралығында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жүруде. Акция аясында әр апта сайын белгілі бір тақырыпта экологиялық шаралар өтетін болады. Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Яғни, тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалау жұмыстарын жүргізеді. «Киелі мекен» деп аталатын екінші апта тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыруға арналады.
Ал «Жасыл аймақ» деп аталатын үшінші аптада көшеттер отырғызылып, ағаштардың түбі әктеледі. «Өнегелі ұрпақ» аптасында ардагерлер сарайы мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазарту көзделген. Және экологиялық акцияның соңғы «Мөлдір бұлақ» деп аталатын бесінші аптасында өзен-бұлақтардың арнасы қоқыстан тазартылады.
Айналамызға ұқыптылықпен қарап, ластамауға тырысайық. Ауылымызды таза ұстап, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау – өз қолымызда.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы