23.09.2023, 12:36
Оқылды: 53

Шыңғырлауда той басталды дүбірлеген

Тарихы өткен ғасырдың 1928 жылынан бастау алатын Шыңғырлау ауданының құрылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осы айтулы күнге дайындық жүргізілгелі бері көпшіліктің бір-ақ мақсаты – аудан абыройын асқақтатын ұлы той өз дәрежесінде өткені. Шыңғырлаудың басты байлығы – тағылымды тарихы, текті тұлғалары, қарапайым еңбек адамдары, танымал зиялы қауымы, ақын-өнерпаздары.

DSC_1292

Ауданның тарихы 95 жылмен шектелмейді. Бұл жерде кезінде ұлы оқиғалар орын алғаны тарихқа мәлім. Сарматтар дәуіріне тиесілі жәдігерлері мен батырлардың ізі қалған әйгілі Аққұмы мен Елекшарының өзі неге тұрады? 95 жылда бұл жердің халқы аштықты да, қуғын-сүргінді де, соғыс зардабын да көрді.

Ең басты жақсылығы – Шыңғырлау өңірінен Қазақстанға мәлім ғалымдар, әскери басшылар, өнерпаздар мен белгілі тұлғалардың өсіп шығуы.

Міне, енді сол көптен күткен күн де туды. Ұлы тойға алыстан ат арытып келген қонақтарды ауданның іргесінен шыңғырлаулықтар сары бауырсақ, ағарғанымен құрметтеп күтіп алып: «Қош келдіңіз!» айтысты.

DSC_1299

Мерекелік шара аудандық музейден басталды. Той құрметіне Шыңғырлау ауданының қолына қалам ұстаған ақын-жазушыларының өлеңдері жинақталып, «Ой өрнектері» деген атаумен кітап және «Шыңғырлау әуендері» деген ән таспасы басылып шыққан еді. Шараға кітапқа жинақтары енген ақын-жазушылардың өздері мен тума-туыстары шақырылды.

Музейге келген жұртшылық алдында жас ақын Самат Байболат кітаптың таныстырылымын жасады. Ерекше шараға келген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев жаңа жинақтың жарыққа шығуымен құттықтады. Мұнан соң кітапты құрастырушылардың атынан зейнеткер-ұстаз Адақ Шотпанов сөз алды.

Кітаптың лентасын қию рәсімін аудан әкімі М.Өмірәлиев пен жерлес сазгер-ақын  Қ.Темірғали және ауданға белгілі ақын болған Қ.Бижановтың қызы М.Ізғұлова жасады. Шара соңы С.Байболаттың сөзімен Ж.Оспановтың әніне жазылған «Шыңғырлауым – шаңырағым» әнін С.Сұлтанғалиевтың орындауымен алғашқы мерекелік шара аяқталды.

DSC_1318

Торқалы тойға жиналған жұртшылық мұнан соң аудандағы «Жеті керемет» монументіне бет түзеді. Жерлесіміз «Ақжайық» жеке қорының төрағасы Тілекқабыл Имашев демеушілік жасап, жеткізген шыршаларды кезінде ауданымызда атқа мінер азаматтар қатарында болған, бүгінде алыс-жақын жерлерде тұрып жатқан аға буын өкілдері егу рәсіміне қатысты.

Көптен бері бірін-бірі көрмеген жерлестер мәре-сәре болып, хал-жағдай сұрасып, арқа-жарқа болып жатқан сәт ерекше еді.

DSC_1383

Шырша отырғызу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Ақтөбе, Қаратөбе, Бөрлі аудандары мен Ресей Федерациясының Орынбор облысы Елек ауданының басшысы В.Карпенко қатысты.
Дала қызығы ипподром аумағында орналасқан «Қоғамдық жаңғыру» ауылында жалғасып, тойшы қауым көкпаршылар мен ат бәйгесінің қызығын тамашалады.

Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале