2.10.2025, 19:00
Оқылды: 166

Шыңғырлауда Ұстаздар күні аталып өтті

Шыңғырлауда, адамзаттың рухани бағдары – білім әлемінің көшбасшылары Ұстаздар күні мерекесі аталып өтуде. Аудандық Мәдениет үйіне барша аудан мұғалімдері жиылып, төл мерекелеріне арналған тартымды шараға аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев қатысты.

image-02-10-25-06-37
Жылдар белесінде қаншама буын шәкірттер тәрбиелеп, ел болашағының ертеңін қамдаған аудан ұстаздарын осынау ерекше күнмен құттықтаған аудан басшысы: «Әрбір ұстаз шәкіртінің жүрегіне ізгілік дәнін егіп, ел үшін еңбек ететін, ерлік жасайтын азамат етіп өсіріп шығару жолында тер төгіп жүретін ұлы мамандық иесі. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық даналығы осынау ұлы еңбегіңізге берілген лайықты баға дер едім. Ауданымыздың білім саласындағы жетістіктері, мектептеріміздің бүгінгі абыройы, шәкірттеріңіздің асқан асулары Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіздің жарқын жемісі. Жас ұрпақтың болашағына жол сілтеп, армандарына қанат бітіру – Сіздердің ештеңемен салыстыруға келмейтін ұлы миссияларыңыз. Бұл үлкен құрметке лайық еңбек!
Аудан мектептерінде күрделі жұмыстар жүріп жатыр, жыл сайын қажетті жаңа заманғы құрал- жабдықтармен қамтылуда.

image-02-10-25-06-37-2
Әрбір ұстазды мерекемен құттықтай отырып, мәртебелеріңіз биік, абыройларыңыз асқақ, жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегіңіз жемісті, отбасыларыңыз аман болсын», - деп құттықтау лебізін арнады.
Бұдан әрі білім саласындағы үздік мұғалімдер мен мамандар аудан әкімінің алғыс хаты, облыстық Білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталды.
-Ұстаз – ұлттың рухани шамшырағы, өшпес өнегесі. Ұстаз алдын көріп, тағлым тәрбие алған шәкірт елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан ұстаздар еңбегі мемлекетіміздің ең қастерлі құндылықтарының бірі. Сіздер, жас ұрпақ бойына біліммен бірге имандалық, адалдық, елжандылық сынды асыл қасиеттерді сіңіріп келесіздер. Әрбір жетістікке жеткен жас тынымсыз ұстаз еңбегінің жемісі мен дәлелі, - деген құттықтау тілегін жолдаған аудандық Білім бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов еңбекте озат, ұжымда да ел ішінде де құрметке ие боп жүрген сала үздіктерін өз атынан алғыс хаттармен марапаттады.

image-02-10-25-06-37-4
Аудандық мектептен тыс білім беру ұжымы, мектеп оқушылары мен ұстаздары даярлаған мерекелік концертпен араласа өрбіген мерекелік шара естелік суретке түсу сәттерімен түйінделді.

Қаршыға Асу

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале